Тәуелсіздік таңы атқан тұста жас мемлекетіміздің алдынан бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер ашылды. Мүмкіндіктермен қатар үлкен тәуекел де болды. Объективті, тіпті субъективті қиындықтар болды. Мемлекеттік құрылымдар құруда ешқандай тәжірибе болмады. Экономикалық, саяси, әлеуметтік тұрғыдағы қиындықтар өзінше, ұйымдастыру-жұмылдыру шеңберінде де қыруар жұмыс жасалды. Одан бері 30 жылдан астам уақыт өтті. Талай естеліктер айтылды, кинолар түсірілді, кітаптар жазылды. Бәрі орынды, заңдылық. Тарихымыз, төл Қарулы Күштеріміз де бұл көштен қалыспады.
Егемен елдің дербес әскерінің болуы уақыт талабынан туындады. Заманның қиындығына, жағдайдың ауырлығына қарамай әскеріміз нық қаз-қаз тұрып, сенімді тәй-тәй басып кетті. Мемлекеттік маңызы бар бұл іске тәрбие құрылымының офицерлері де бір кісідей атсалысты. Әскеріміздің іргетасын қалаған тұңғыш Қорғаныс министрі, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың алғашқы 4 орынбасарының бірі осы тәрбие бағытына жауапты тұлғаның болуы көп жайды аңғартса керек.
«Тәрбие жұмысы» деген айтуға ғана жеңіл, астарына үңілсек, әскери адамның құқығы, әлеуметтік қорғалуы тәрізді мәселелер кешені топтасқан. Осы ауыр жүкті абыроймен көтере білді. Алғашқы жылдары Тәрбие жұмысы басқармасының (кейіннен Департамент мәртебесін алды) тізгінін генерал-майор Айтқали Есенғұлов ұстады. Білімді, тәжірибелі, тек әскери емес, жалпы өмірдің ыстық-суығын көрген офицер. Қорғаныс министрлігінде әр тоқсанда бір рет жоспарлы түрде әскери алқа жиыны болып тұратын. Өзекті деген 3-4 мәселе қарастырылады. Тылдық қамтамасыз ету, жауынгерлік дайындық барысы, қысқа әзірлік тәрізді мәселелер талқыланатын. Біраз сұрақтар 2-3 жиыннан кейін қайталанып отырса, тәртіп, тәрбие мәселесі күн тәртібінен түспейтін. Әскери тілші ретінде сол алқа жиындарының біразына қатыстым. Бас әскери прокурор генерал-лейтенант Юрии Хитриннің «әскерде тәрбие жұмысы жоқ, түсіндірме жұмысы жүргізілмейді» деген сынына Айтқали Ғұсманұлының «заңдылық сақталмайды, жүздеген сарбаз ешбір үкімсіз гауптвахтада отыр» деп қарсы сын айтқаны есімде. Бұл бір ғана мысал. Осындай қызылшеке дау-дамайды кез келген мәселе бойынша байқауға болатын. Форма киген адамның абыройын, құқығын қорғауда генерал өзі пана бола білді, ондаған-жүздеген қарамағындағы тәрбиеші-офицерлерге үлгі бола білген еді. Жалпы, офицерлер корпусында тәрбиеші офицерлердің алатын орны ерекше. Мектеп бітірген бозбалаға әскер қатарында қызмет етудің асыл парыз сүйектен өте жеткізе білуі, мамандық таңдаудың бағыт-бағдарын көрсетуден бастап отансүйгіштік пен ұлтжандылық қасиеттердің бойға қалыптасуы сынды сұрақтарда үнемі көштің басында жүрді. Бір сөзбен айтқанда, тәрбиеші-офицерлер әр кезде де өздеріне сеніп тапсырылған сенім туын жоғарыдан желбірете білді.
Тарихқа шамалы шегініс жасасақ, тәрбиеші офицерлердің жүріп өткен жолы мақтауға да, мақтануға да лайық. Ұлы Отан соғысынан кейін майдангерлерге естелік жазуға тыйым салынған. 1965 жылы ғана мемлекет басшылығы естелік, мемуарларға мүмкіндік берген. Естеліктердің басым көпшілігінде жауынгерге рух берген жүректен шыққан жалынды сөз екені, ол сөзді көбіне комиссарлардың айтқаны тілге тиек етті. Нәтижесінде, 60-шы жылдардың ортасында «адам жанының инжинерлері» атанған тәрбиеші офицерлерді даярлайтын арнайы оқу орындарын ашу туралы шешім қабылдаған. Бір мезгілде 10-нан астам әскери-саяси училищелер бой көтерген. Қазақ әскерінің сапында тұрған тәрбиеші-офицерлерінің басым көпшілігі осы білім ошақтарының түлектері болды. Бұл ретте ең алғашқы толқын полковниктер Шәмтиев, Баиров, Кашталян, Мешков, Зайцев, Есенов, Воронин, 1 рангалы капитан Жанпейсов, кейінгі ұрпақ өкілдері Мұғалов, Кәрібжанов, Қайырханов, Қаһарманов, Дон тәрізді ондаған білікті офицерлердің есімдерін атауға болады. Уақытпен, табиғат ерекшеліктерімен санаспай, шалғайдағы гарнизондарда жеке құрамның жанында тер төгіп жүрген тәрбиешілер қаншама. Әрқайсысына мақтау, мадақтау айтса, артық болмайды.
19 қаңтар – Қазақстан әскерінің айтулы бөлігі, тәрбиеші офицерлердің кәсіби мерекесі. Салаға қатысы бар барша азаматтарды айтулы мерекемен құттықтаймыз.
Запастағы подполковник Сәндібай КҮМІСБЕКОВ