ӘСКЕРИ ТӘРБИЕШІЛЕРДІҢ ТӨЛ МЕРЕКЕСІ

Осы аптаның жексенбісі ҚР Қарулы Күштерінің тәрбиешілері үшін ерекше күн. Осыдан отыз екі жыл бұрын 19 қаңтарда Қазақстан Қарулы Күштері тәрбие құрылымдарының офицерлері тәрбиешілерінің институты құрылған еді.

Админ

Сөз басы

 

Тәрбие жұмысын жақсарту, әскери тәртіп пен құқық тәртібін нығайту, әскери қызметшілердің және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік-құқықтық қорғанысы үшін жауапкершілікті көтеру мақсатында 1993 жылғы 19 қаңтарда
Ел
Президентінің №1084 Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде командирлердің (бастықтардың) тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары институты енгізілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылған Қазақстан армиясының аз ғана жасақтарының бірі тәрбиешілер құрылымы жеке құрамды оқыту және патриоттық тәрбиелеу жүйесінде маңызды орынға ие болды. Армиядағы өткізілетін тәрбие жұмысының сапасы мен деңгейіне әрқашан да қатаң талаптар қойылып отырды.

Қарулы Күштердің құрылғанынан кейін жарты жылдан соң командирлердің жеке құраммен жұмыс жөніндегі көмекшілерінің қысқаруы және оның орнына командирлердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары институтының құрылуы Мемлекет басшысының уақтылы және дұрыс шешімі болды.

Көптеген тәрбиеші офицерлер үшін бұл қызметтік іс-әрекетте маңызды сәт болып табылды. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 22 маусымдағы № 1273 қаулысымен «Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар органдары туралы ереже» бекітілді.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін әскерлер шын мәнісінде басқарусыз қалды. Сол кезде құқық тәртібі мен әскери тәртіпті орнату басты қадам болды. Осы орайда тәрбие құрылымдарының офицерлері мақсатты жұмыс істеді. Мысалы, әскери ұжымдарды біріктіруде, жеке құрамның ар-намысы мен абыройын қорғауда, әскери қызметтің беделін арттыруда бар күш-жігерін аямады. Соның ішінде, Қарулы Күштердің қалыптасуы мен дамуының ең қиын кезеңдерінде қызмет еткен ардагерлерімізді атап өтпеу мүмкін емес.  Олар – өз ісінің майталмаңдары: генералдар Айтқали Есенғұлов, Марат Нағұманов, Владимир Бондаренко, полковниктер Мэлс Шампиев, Қайыржан Байжігітов, Виктор Тимошенко, Малик Шарипов, Қазбек Мамсұров, Бастеми Дүйсембаев, Болат Нәзіров, Амангелді Ыбыраев, Серікқан Қайрқанов, 1-дәрежелі капитан Көпесбай Жампейісов және тағы басқалары.

 

Тәрбие құрылымы

 

Аға буын өкілдерінің игі ісін бүгінде тәрбиеші-офицерлер жалғастырып келеді. Олар ақпараттық-тәрбие, идеологиялық, мәдени-демалыс, бұқаралық-спорттық және әскери-әлеуметтік жұмыстарына әскери ұжымды жұмылдыруда күш салып келеді.

  Тәрбие құрылымдарының офицерлері командирлермен бірлесе отырып әскери ұжымдағы моральдық-адамгершілік ахуалдың жағдайын жақсарту, әскери қызметтің беделін арттыру, жеке құрамның абыройы мен намысын қорғауды қамтамасыз ету, әскери және құқықтық тәртіпті нығайтуда ауқымды жұмыстар атқарды.

Қазіргі уақытта еліміздің Қарулы Күштерінде тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастырудың біртұтас жүйесі қалыптасқан. Оған күннен-күнге артып келетін әскери қызметтің беделі мен қоғамдағы әскери қызметшілер мамандықтарына деген қызығушылық, сондай-ақ әскери ұжымдардың жоғары жауынгерлік рухы мен ауызбіршілігі дәлел. Алайда тәрбиешілер институты өз дамуын мұнымен тоқтатпайды. Бүгінгі күнге дейін тәрбие құрылымдары айтарлықтай дамыды. Тәрбие және идеологиялық жұмыстары органдарының құрылымы жетілдіріліп келеді. Қарулы Күштердегі психологиялық және әлеуметтік жұмыстарды жақсарту үшін батальондар мен бригадалар психологы лауазымдары, ал идеологиялық жұмыстарды жандандыру үшін идеологиялық және арнайы үгіт-насихат жұмыстары жөніндегі офицерлер лауазымдары енгізілді. Бүгінгі таңда тәрбие және идеологиялық жұмыс органдары психологиялық, әлеуметтік және әскери-әлеуметтік салаларды, әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмысты ұйымдастыруды қамтитын көпфункциялы құрылымға айналды.

 

 

Әскери-патриоттық тәрбие

 

Тәрбиелік жұмыстардағы басым бағыттардың қатарында әскери қызметшілер мен өскелең жас ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесінің де алатын орны орасан. Осы мақсатта еліміздің барлық жалпы білім беретін мекемелерінде жастардың патриоттық құрылым желісі кеңейтілді. Жастардың Отанға деген махаббаты мен отансүйгіштігін дәлелдеп, өз еліне қызмет етуде және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жан аямай еңбек етіп, жауапкершілік пен бірліктің нағыз үлгісі бола алатын әскери қызметшілер бұл іске белсенді араласты.

Осы орайда Қорғаныс министрлігі әскерге шақыруға дейінгі жастардың патриоттық тәрбиесі жөнінде ауқымды жұмыстарды қолға алды. Әскери қызметшілерге, сондай-ақ әскерге шақырылуға дейінгі жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді жетілдіру мақсатында 2015 жылы Астанада Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ашылды.  Ол – өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеу саласындағы жастардың қоғамдық ұйымдарының қызметін үйлестіретін көпфункционалды мекеме. Орталық алғашқы күннен бастап мемлекетіміз бен Қорғаныс министрлігі басшылығының, әскери бөлім қолбасшылығының, ардагерлер ұйымдары өкілдерінің қатысуымен мазмұны мен пішіні жағынан сан салалы, көлемі жағынан ауқымды патриоттық шараларды өткізіп келеді. Олардың қатарында жастарды әскерге шығарып салу, әскери ант қабылдау және өздерінің жауынгерлік міндеттерін атқарған әскери қызметшілерді ұлықтау, тақырыптық викториналар, акциялар мен конкурстар, Ерлік сабақтары, Ашық есік күндері, Жас армияшы күні, әскери-патриоттық клубтардың республикалық деңгейдегі әртүрлі кеңестері мен слеттері, «Жас ұлан» әскери әндер фестивалін айтуға болады.
Орталық әскери оркестр Әскерлер парадына, Армиялық халықаралық ойындарына, сондай-ақ республикамыздағы қоғамдық-маңызды іс-шараларға қатысушы. Сонымен қатар, «Әскери керней», «Труба мира», «Спасская башня», «Астана самалы» сынды түрлі деңгейдегі фестивальдарға тұрақты түрде қатысып келеді.

2022 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу қағидалары әзірленіп, бекітілді. Оның негізінде жастарды Отанды қорғау ісіне тарту жөніндегі іс-шаралардың тұтас кешені ұйымдастырылды. Бұл бағытта өскелең ұрпақты біріктіретін «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер қозғалысы жетекші рөл атқарады.

Тәрбие құрылымдарының қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылы жандандырылып, ол қоғамның әскерге деген сенімін арттыруға мүмкіндік берді.

Қорғаныс министрлігі жыл сайын қоғамдық маңызы бар іс-шаралар мен «Айбынды әскер» акциясын, әскери мамандар арасында «Әскер тарланы» байқауын, «Сарбаз сахнасы» сарбаз әндері фестивалін, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық әндер фестивалін өткізіп жүр. Бүгінгі таңда елімізде 8 мыңнан астам әскери-патриоттық клуб, «Жас сарбаз» сыныптары, сондай-ақ «Смарт сарбаз» үйірмелері жұмыс істейді. Оларға әскери-патриоттық қозғалыстың 280 мыңнан астам тәрбиеленушісі жұмылдырылған. Жалпы тәрбие құрылымдары әскердің барлық салаларында елдің қорғаныс қабілетін нығайту үшін тиімді жұмыс жүргізетін Қарулы Күштердің маңызды институты десек болады.

Айта кетейік, Ел Президентінің тапсырмасы бойынша өткен жылдың 24 қарашасында ҚР Үкіметінің Қаулысымен жастарды 2030 жылға дейін әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасы бекітілді. Онда жұмыстың түрлері мен әдістерін жетілдіру, осы саладағы ұйымдастырушылар мен мамандардың кәсіби даярлық деңгейін арттыру, әскери-патриоттық тәрбиеде материалдық базаны және ақпараттық қамтамасыз етуді дамыту жөніндегі шаралар айқындалған.

 

Рима Әбеуова

__Последние новости

  • Басты назарда

103 жастағы майдангерді құттықтады

Кеше, 16:31
Админ
  • Басты назарда

ЕРЛІГІ ЕЛ ЖАДЫНАН ӨШПЕЙДІ

Кеше, 10:30
  • Басты назарда

ӘСКЕРИ ШЕРУГЕ ДАЙЫНДЫҚ

19/01/2025 - 16:22
  • Басты назарда

ӘСКЕРИ ТӘРБИЕШІЛЕРДІҢ ТӨЛ МЕРЕКЕСІ

19/01/2025 - 11:19
  • Басты назарда

ЖАУЫНГЕР ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН

18/01/2025 - 17:21
  • Басты назарда

Біріккен штабтық жаттығу тексерілді

17/01/2025 - 16:17
  • Басты назарда

Жаңа нысандар пайдалануға берілді

17/01/2025 - 11:15
  • Басты назарда

Мерекелік қуаныш сыйлады

14/01/2025 - 15:04
  • Басты назарда

Отан отбасынан басталады

14/01/2025 - 11:01