Семейдегі Төлеубай Аманов атындағы №16 орта мектептің 7 сыныбының 19 оқушысы алғаш рет «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының сыныбына қабылданды.
100 жылдан аса тарихы бар мектепте «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының сыныбы тұңғыш рет 2024 жылдың 1 қыркүйегінде ата-аналардың үлкен қолдауымен ашылды. «Жас сарбаз» қатарына қабылданған 7 «в» сыныбының оқушылары Қазақстан Республикасының Ата заңы мен басқа да заңдарды қатаң сақтауға, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, мемлекеттік мүдделердің ержүрек әрі батыл қорғаушысы болуға, жүктелген мәртебелі міндеттерді адал атқаруға, Отанымыз – Қазақстан Республикасын қорғауға салтанатты түрде ант берді. Оларға куәліктерді «Шығыс» өңірлік әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары полковник Дархан Әжібаев, Абай облысы қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары подполковник Қанат Шәріпханов, ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Семей филиалының бастығы подполковник Нұрсұлтан Жұмағұлов, Абай облысы білім басқармасының дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың облыстық ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығының әскери-патриоттық бағытты дамыту бөлімінің басшысы Болат Құрманов, Ауғанстан соғысының және ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері Айдар Манасов пен Ғажайып Сыздықов табыс етті.
Мектеп басшысы Айгүл Сатаева білім ұясының тарихында кез келген қауіптен елімізді, жерімізді қорғауға қабілетті нағыз патриоттарды тәрбиелеу мақсатында алғаш рет «Жас сарбаз» сыныбы ашылғанын айтып өтті. «Бұл сыныпта оқыған оқушы әскери білім мен дағдыға қалыптасады. Автоматты жылдам жинау, жүгіру, шымыр да шыдамды болуға өзін өзі тәрбиелейді. Бұл сынып әскери қызметті құрметтеу үшін қажет. Әскери қызметтің адам өміріндегі маңыздылығын бала білуі керек», - деді ол.
Абай облысы қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары подполковник Қанат Шәріпханов бүгінгі күнгі оқушы ертеңгі Отан қорғаушы екенін еске салды. Әлеуметтік маңызы бар әскери-патриоттық іс-шараларда дұрыс бастама мен ынта-жігер танытқаны үшін жас сарбаздар Елжас Қайратов пен Іңкәр Серікқазықызына Абай облысы қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Руслан Омаровтың алғыс хатымен марапаттады. «Дарын» орталығының әскери-патриоттық бағытты дамыту бөлімінің басшысы Болат Құрмановтың пкірінше, «Жас сарбаз» сыныптарына қабылдауда ең бірінші баланың оқу үлгерімі, денсаулығы және психологиялық ерекшеліктері ескеріледі. «Жас сарбаз» тәрбеленушісінің бойына қазақстандық патриотизм, Отанға адал болу, сондай-ақ, сыныпта оқығаны үшін мақтаныш сезімін қалыптастырады. «Жас сарбаз» сыныбында оқу көшбасшылық қасиеттері мен топта жұмыс істеу қабілетін дамытуға ықпал етеді. Ата-аналар өз балаларын «Жас сарбаз» сыныптарына беру арқылы балаларын тәртіпті, көшбасшылық қасиеттерді, дене шынықтыру дайындығын дамытуға бірегей мүмкіндік береді. Балалар отансүйгіштік тәрбиесін, жоғары оқу дайындығын және маңызды әлеуметтік дағдыларды алады. Бұл артықшылықтарды оларға өз өміріне сеніммен қарауға және болашақ мансабында табысқа жетуге де көмектеседі.
Салтанатты шара кезінде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы мен №16 орта мектеп арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Әскери-патриоттық тәрбиені дамыту жөніндегі құжатқа «Шығыс» өңірлік әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Дархан Әжібаев пен мектеп директоры Айгүл Сатаева қол қойды. Мектепке мамандандырылған «Жас сарбаз» әскери сыныбының оқу жүйесін ұйымдастыру, дәрістердің оқу бағдарламасын жасау және оған негізгі пәндермен қатар әскери мамандық негіздерін енгізу, жас ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша педагогикалық ұжымның жұмысын ұйымдастыру, мектептің әлеуметтік-педагогикалық кеңістігінде мамандандырылған сыныптағы оқу жүйесін ерекше тәрбиелік құрылым ретінде қалыптастыру, білім алу мазмұнын және формаларын оңтайландыру, арнайы «Жас сарбаз» сыныбының ашылуына байланысты ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, аталған сынып аясында басқа сынып оқушыларын тарта отырып, мектептің әскери-патриоттық жұмыс жоспарына сәйкес ұйымдастырылуын қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Қолбасшылық әскери-патриоттық тәрбиелеу шараларына жыл сайын бекітілген ынтымақтастық жоспарына сәйкес оқушыларды қатыстыру, бекітілген сабақ кестесі бойынша ай сайын бірінші және үшінші апталарда 1 сағат әскери пәндер бойынша сабақ өткізуге қолдау көрсету, «Жас сарбаз» сыныбының оқушыларымен ерлік сабақтарын өткізу, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының мұражайлары мен әскери бөлімдеріне, қаладағы тарихи орындар мен мұражайларға экскурсия жасауға қолдау көрсету, «Жас сарбаз» сыныптарының қатысуымен мектепішілік, қалалық және республикалық спорттық жарыстарды, сонымен қатар мектептегі әскери-патриоттық жұмысты ұйымдастыруда әдістемелік көмек көрсету міндетін алды.
Елжас ҚАЙРАТОВ: Мен бүгін «Жас сарбаз» қатарына қабылданып, салтанатты түрде ант қабылдадым. Өз антыма адал боламын, еліміздің қорғаушысы, нағыз патриоты боламын. Сабағым да, әскери дайындықта жетістіктерім де жақсы. Есейген соң әскери топограф болғым келеді».
Іңкәр СЕРІКҚАЗЫҚЫЗЫ: «Бүгін мен үшін ең қуанышты күн. Неге десеңіз, бүгін сыныптастарыммен бірге «Жас сарбаз» антын қабылдадым. Мен Отан алдындағы міндеттерін абыроймен атқарған Қарулы Күштер ардагерлері өз әкеммен және әскери жетекшіммен мақтанамын. Олар батыр Бауыржан атамыздың «Отан үшін отқа түс, күймейсің» және «Жауынгердің қаруы ол – тәртіп» деген нақыл сөздерін жиі айтады. Мен Отан қорғаушы мамандығын таңдап қойдым».
Айта кетейік, Төлеубай Аманов атындағы №16 орта мектептің оқушылары ҚР Қарулы Күштері және басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың жалпыәскери жарғыларындағы тәртіптік, саптық, атыс дайындығы бойынша сабақтарға ұдайы қатысады. Абай гарнизонындағы 44736 әскери бөлімімен бірлескен жоспарға сай тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізеді. Мектеп ұжымы әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүрген ұл-қыздарды мақтан тұтады. Мәселен, IX «Айбын-2023» әскери-патриоттық жастар жиынында еліміз Қарулы Күштерінің және өзге де әскери құрамаларының әскери-патриоттық клубтары арасында екінші орынды ұтқан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының «Жас барлаушы» әскери-патриоттық клубының командасында осы мектеп оқушылары да болды.
Алуа Искакова
Суреттді түсірген автор