Елордаға ауысып келген алғашқы жылдарым. Жұмыс орным «Встреча» дүкенінің маңында, ал мекенжайым – Абылайхан даңғылы мен Кенесары даңғылының жалғасқан жері. Арақашықтық алыс емес. Осы екі ортаны күнделікті жаяу жүруге әдет етіп алғанмын. Таңертең асығып бара жатамын. Кешкісін уақытым кеңдеу, жан-жағыма көз салып, анаған-мынаған зерделей қараймын. Абылайханның бойында Монумент бар, «ауғандықтарға» арналған. Кейінірек, одан сәл әріректеу жерден – Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы көшеге шығар жағынан «чернобыльдықтарға» да ескерткіш қойылды. Бұл маң маған осы екі ескерткішпен құрметті болып тұрады. Күн сайын жұртшылық көбірек шоғырланатын осы екі қарапайым ескерткіштің тұсынан өткенде бір нәрседен қысылғандай абыржып қалатыным бар...
Бірде сол үнсіз бейне – Монументке барып, тағзым еттім. Жаймашуақ жаз айларының бірі еді. Күн ашық, жадырап тұрған. Ескерткіш алдындағы гүлдер де қызылды-жасылды болып, құлпырып кетіпті. Бейнебір түкті кілем төсеп қойғандай әсер берді. Маңайында ұзақ жүрдім. Ауған соғысының ардагерлеріне арнап жазған өлеңімнің бір-екі шумағы тіліме оралды.
... Түсіме де кіреді,
Табыттың қайтып жатқаны.
Шайқалмасын деп тілеймін
Елімнің атар ақ таңы.
Шейт боп кеткен көп боздақ,
Мәңгілік 20 жаста олар.
Соларды еске алғанда,
Көкірекке мұңлы жас толар...
Есіме Алматыдағы күндерім түсті. Ауғанстан соғысы және жергілікті қақтығыстар ардагерлері мен мүгедектері республикалық қоғамдық одағының төрағасы запастағы подполковник Серікбай Кеңесбайұлы Баймолдановтың бастамасымен «ауғандық» жігіттер бас қосып, Ақмолаға (ол кезде солай аталатын) жиі-жиі барғыштап жүрді. Артынан естідім, Сарыарқаның төсінен тағзым етер киелі орын – ескерткіш салынып жатыр екен. Бастамашыл топтағы жаңағы жігіттер уақытты созып алмай, бастаған істерін тездетіп аяғына жеткізуді мақсат тұтып жүрген екен.
«Қимылдаған қыр асар» демекші, сол азаматтар сыннан сүрінбеді. Өз алдарына қойған мақсаттарына қол жеткізіп, ұйымшылдық танытып, көптің алғысын алды. Боздақтар атынан «берілер» бір аманат осылай жүзеге асқан. Кейінірек, сол ескерткіштің ашылу салтанатына қатысу бақыты бұйырды. Сөз алғандардың барлығының ой-пікірлері, асқақ армандары, бата-тілектері бір арнаға тоғысты: «Мына өмірден ешқандай қызық көріп үлгермей қыршын кеткен ғұмырлардың есімдерін енді тірілер ұмытпақ емес, ерліктері де есте сақталмақшы...» Қайсыбірінің атын атап, түсін түстейін, тек сол жігіттерге «Жаратқандарың жар болсын!» дегім келді.
...Монументке өрімдей жастардың есімдері қашалып, көрнекті етіп жазылған. Елорданың Ақмола қаласы болып тұрған кезінде Ауғанстан соғысына аттанып, содан оралмай қалған азаматтардың есімдері бүгінде Астана төрінде осылай асқақтайды.
Еліміз Ауғанстан соғысына қатысқандарға қолдан келгенше қамқорлық жасауда. Мәртебелері Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген. Заңмен қарастырылған көптеген жеңілдіктер әлі күнге дейін пайдаланылады. Бірақ...
Иә, сол «бірақтың» көлеңкесінде кеудеге тығылған қаншама ащы зар, көз жасының өтемі бар. Жаңағы материалдық құндылықтар адам өмірін қайдан толықтырсын?! Бұл өзі қаншама ата-ананы зар жылатып, қаншама нәрестені жетім қалдырған, бір сөзбен айтқанда, көптеген жүректерді сыздатып, сай сүйекті сырқыратқан, әлі де жазылмаған және жазылмайтын да жара. Өйткені, ардақты аналар мен абзал әкелердің, асыл жар мен панасыз ұл-қыздың ауыр күрсінген қайғысын ештеңемен де өтей алмасымыз анық!? Олардың әлі күнге дейін балаларының мына жалпақ дүниемен мәңгілікке қош айтысқанына сенгілері келмейді. Ерте ме, кеш пе, хабарсыз кеткен баласы қайтып оралатындай алаңдап, есіктен кіріп келетіндей елеңдеп отырады. Елеңдеумен өмір кешіп келеді... Үміттің нәзік жібі үзілмейді. Пенденің өзі де соның үзілмегенін қалайды. Сол арманның арбауында талай шырақтың сөніп жатқандығы өкінішті-ақ. Кейбіреуіне, тіпті туған елдің бір уыс топырағы да бұйырмады ғой...
Қайтыс болған, майдан даласынан оралмаған ерлердің алдында тірілердің өтелмеген парызы мен қарызы бар жандардай жабырқап, жүдеп қалатыны осыдан туындаса керек. Содан кейін амалсыз барып, тағдырдың салғанына мойынсұнып, марқұмдарға құран бағыштайды, тірілерге тәуба айтады. Бұл өзі адами міндеттің ең жоғарғысы.
Жыл сайын желтоқсан мен ақпанда кешегі Ауғанстан соғысынан аман-есен оралған «интернационалист-жауынгерлер», бүгінгі қоғам үшін құрметті ардагерлеріміз, міне, осындай жайттарды ой елегінен өткізіп, монументтің жанында мұңайып тұрады. Соғыс ардагері ретінде мамырдағы Жеңіс күнінде де олар осы жерден табылады. Бас қосқан сайын бір мұңайып, бір қуанады. Өткенді еске алады, бас қосар бағыттарының барлығына қанағат жасайды. Сосын гүл шоқтарын қойып, «үнсіз бейнеге – тас мүсінге» тәу етеді. Бірақ, әр жүректе «ащы зардың» мұңы есіп тұратындай әсер етеді маған...
Иә, олардың қарулас достары сол бір түсініксіз «майданнан» оралмады. Тағдырдың жазуы осындай болғасын қайтесің?! Әйтпесе, олар да тәтті өмірдің қызығына тоймай жайраң қағып жүретін еді ғой... Маңдайымызға сыймаған олар «мәңгілік 20 жаста қалып қойды».
Ескерткіш тақтадағы есімдер осылайша, кешегі қандыкөйлек достарына биіктен асқақтай қарайтын секілді, баяу ғана сыбырлап, «отты күндерден» естелік-сыр шертетін сияқты. Соның белгісіндей мереке, айтулы күндерде жұртшылық пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері отқа оранған жастық ғұмырға ыстық ықыластарын білдіріп, олардың майдан даласындағы аңызға бергісіз ерлік істеріне бастарын иеді.
Бірде сол «үнсіз бейненің» қасында тұрып, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, ауған жерінде және Қазақстан әскерінде әскери авиация саласында қызмет еткен запастағы подполковник Серікбай Баймолдановтың айтқаны бар еді, сол құлағымда қалыпты:
«Мына алып монументтің мәрмәр тақтасына жазылған есімдердің арасынан әртүрлі ұлттардың өкілдерін кездестіруге болады. Бірақ, олардың барлығы да біздің бауырларымыз, біздің отандастарымыз. Кешегі Ауғанстан соғысы кезінде бір үзім нанды бөліп жеген, біріміз үшін біріміз оққа кеудемізді тосқан қандыкөйлек достарымыз. Дәл бүгінгі күні өмірдің «екі арнасында» өмір сүріп жатқанымызбен, біздің жанымыз олармен бір. Жүрегіміз бірге соғады. Жалпақ жұртшылық әуелі соны түсінсін! Жауынгерлік өмірдің ыстығы мен суығына төселмеген жас жігіттер жат елдің аспаны астында айтып болғысыз қиын шайқастарға түсті. Олар, тіпті, өздерінің гүл жайнаған ғұмырларын от пен жалынға орай отырып, алға қойған тапсырмаларды сөзсіз орындауы үшін бірыңғай мақсаттың арнасына күш пен жігерін жұмылдыра білді. Отан-Ана алдында қабылдаған Әскери антына адал болуды мақсат еткен абзал жандар үшін Отанға адал қызмет көрсету бәрінен де ардақты міндет болып саналды. Мен бүгінде кеудемдегі орден-медальмен емес, солармен бірге жүрген күндеріммен, солармен бірге жеген бір үзім наныммен мақтанамын! Марапаттың ең маңыздысы, осы! Маңдайға жазған соң, мен тірі қалдым. Бірақ, «жат жерде шейіт болғандар қаншама, солардың бәрі неге аман-есен елге келмеді?» деген сұрақтар көп мазалайды. Өмірдің жазылмаған заңдары көп. Сондықтан аруақты сыйлау, оларға құрмет көрсету, отбасыларына қолдан келгенше жәрдем жасау өмірімнің соңғы күндеріне дейінгі азаматтық міндетім болып қала береді».
Жонып алар жері жоқ түзу сөз. Серікбай Кеңесбайұлының бұл айтқандары ел тізгінін ұстағандардың, әрине, бірінші кезекте соғыстың жайын түсіне білетін «ауғандықтардың» бәріне бірдей қасиет болып дарыса ғой, шіркін!? Осы уақытқа дейін қоғамдық бірлестіктің төрағасы ретінде тікұшақ полкінде әскери қызмет атқарып, Ауғанстандағы соғыс кезінде мерт болған қаруластары Кеңес Одағының Батыры подполковник В.Гайнутдиновке, «Қызыл Жұлдыз» орденінің (қаза тапқаннан кейін) иегері капитан В.Г.Савинге, «Қызыл Жұлдыз» орденінің (қаза тапқаннан кейін) иегері аға лейтенант В.Н.Касиловке арнап Алматыдағы №13 әскери қалашықта ескерткіш тұрғызуға мұрындық болған, Астанадағы Республикалық Мемориалдың құрылысы мен ашылуына да бір адамдай атсалысқан, тағы басқа да бірқатар қалаларда қаза тапқан отандастарымыздың рухына бағышталған бірнеше ескерткіштердің тұрғызылуына бастамашы болған Секеңнің ішкі көңіл сарайына кеңірек үңілген адам оның басқа ойларын жақсы түсінген болар еді...
Ауғанстан соғысының қоғамымызда өзіндік орнының бар екенін және әрқайсымыздың санамызға берік орналасқанын айтуға тиіспіз. Бас-аяғы 110 айға созылған соғыста отандастарымыз өзінің әскери борышын адал атқарды. Олар басшылықтың бұйрығын орындауға тиісті болатын. Соған орай, мұндағы 1979 жылғы 25 желтоқсаннан 1989 жылғы 15 ақпанға дейін созылған бұл соғыста 22 269 қазақстандық жауынгер қатысты. Олар Кеңес әскерінің түрлі бөлімдерінде әртүрлі тапсырмаларды орындады. Бұлардың ішінде 294 жауынгер әртүрлі айрықша ерлігімен көзге түсті. Соғыс ауыр зардаптарын да ала келді. Ауғанстандағы Кеңестік шектеулі контингент әскери құрамаларының қатарында қызмет атқарған 1 015 отандасымыз түрлі дәрежедегі мүгедектікке ұшырап, оларға мемлекет тарапынан тиісті мөлшерде материалдық және моральдық тұрғыдағы жәрдемдер көрсетіледі. Бұған қоса, сол соғысқа қатысқан 21 жауынгер хабар-ошарсыз жоғалып кетті. Із-түссіз жоғалғандарды іздестіріп, табу мақсатында көптеген іс-шаралар атқарылып жатыр. Туған елге тірідей немесе мүрдесі қайтқан кешегі сарбаздар аз емес. Өкінішке орай, атқарылып жатқан кейбір істің қайтарымы шамалы болып тұр
...Мұрағаттық құжаттардың бірінде соғыстың алғашқы күндерінде қазақстандық альпинистердің бір тобының ұшақ апатында қазаға ұшырап, тура сол кезеңде артынан жоқтаушысы болмағандықтан із-түссіз кеткені жайлы жазылыпты.
Тағы бір жерде 1979 жылы 25 желтоқсанда кешкі сағат 19.33-те Кабул әуежайына қонар кезде капитан В.В.Головчиннің Шымкенттен ұшып шыққан Ил-76 ұшағы тауға соғылып опат болғаны айтылады. Ұшақ экипажы мен 37 десантшы-жауынгер қаза тапқан... Мұндай жағдайдың біреу емес, бірнешеу екендігі шындық. Ащы да болса, ақиқат осы!
Міне, гүлдей жайнаған жас дәуренін өрт шалған өрендердің аруағына бас иіп, тағзым етудің осындай сыры бар. Ал, «Үнсіз бейнемен» мен құсап сырласатындар да аз емес...
Марат ЖҮНІС-БЕК
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА: запастағы подполковник С.Баймолданов – Ауған соғысының ардагері, ұзақ жылдар бойы Ауғанстан соғысы және жергілікті қақтығыстар ардагерлері мен мүгедектері республикалық қоғамдық одағының төрағасы болған.
1979 жылы Кәсіптік-техникалық училищесін үздік, 1982 жылы Киров әскери авиациялық-техникалық училищесін, 2001 жылы Азаматтық авиация академиясын бітірген.
Мамандығы – Ми-24 тікұшағының борт технигі және ұшақ және двигатель инженері.
1982-1987 жж Кеңес әскерінің Германиядағы (Лейпциг қаласы) тобында, 1987 ж Қиыр шығыс (Благовещенск қаласы) әскери округінде, 1987-1988 жж Ауғанстан (Кабул қаласы) Демократиялық республикасында, 1988-1994 жж Орта Азия (Шыршық қаласы) әскери округінде, 1994-1998 жж Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери қызметтер атқарған.
Қоғамдық жұмыстарда: 1996 жылдан Первомай авиация гарнизоны Ауғанстан ардагерлері одағының төрағасы.
1998-2000 жж Алматы қалалық Ауғанстан ардагерлері одағы төрағасының орынбасары.
2000-2003 жж Алматы қалалық Ауғанстан ардагерлері одағының төрағасы.
2003- 2005 жж Қазақстан Республикасы Ауғанстан және жергілікті қақтығыстар ардагерлері одағы төрағасының орынбасары.
2005 мамырдан Алматы қалалық Ауғанстан соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
2011 жылғы сәуірден «Ауған соғысы және жергілікті қақтығыстар ардагерлері мен мүгедектері» республикалық қоғамдық одағының төрағасы.
Оның бастамасымен және ұйымдастыруымен:
01.06.1999 жылы Алматыдағы №13 Әскери қалашықта тікұшақ полкінде әскери қызмет атқарып, Ауғанстандағы соғыс кезінде мерт болған қаруластары Кеңес Одағының Батыры подполковник В.Гайнутдиновке, «Қызыл Жұлдыз» орденінің (қаза тапқаннан кейін) иегері капитан В.Г.Савинге, «Қызыл Жұлдыз» орденінің (қаза тапқаннан кейін) иегері аға лейтенант В.Н.Касиловке арнап ескерткіш тұрғызылды;
7.05.2000 жылы Астанадағы республикалық мемориалдың (Мемориал директорының құрылыс жөніндегі орынбасары болды) құрылысы бітіп, салтанатты жағдайда ашылды;
15.02.2003 жылы Ауғанстанда қаза болған алматылықтарға арналған ескерткіш ашылды.
16.12.2007 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен және көптеген медальдармен наградталған.