Биыл армия спортшылары Ғұсман Қырғызбаев, Ислам Сәтбаев, Демеу Жадыраев және Нариман Құрбанов елімізді әлемге әйгілі етті. Парижде өткен Олимпиададағы жеті медальдың төртеуін Армия орталық спорт клубының өкілдері еншілеген болатын.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов CISM халықаралық әскери-спорттық ұйымымен байланыстың қайта жандануын оң бағалап, келесі жылы ол басқармадан бізге бір орын берілетінін мәлімдеді.
– Екі жыл қатарынан әскери қызметшілеріміз республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде жеңіске жетті. Келесі жылы АОСК шеңберінде біз осы спорт түрінен әлем чемпионатын өткіземіз. Оған қоса, Жоғарғы Бас қолбасшы әскери спорт колледжін құру туралы шешімімізді қолдады. Бұл –Қарулы Күштер үшін де, мемлекетіміз үшін де спортты дамытудың тағы бір қадамы. Жастардың лайықты білім алуы және болашақта спортта жоғары жетістіктерге жетіп, өз әлеуетін іске асыруы үшін жағдай жасаймыз, - деп атап өтті Министр.
Қорғаныс ведомствосының басшысы АОСК басшылығының алдына бірқатар міндеттер қойды. Олардың қатарында қазақ күресі, самбо, жауынгерлік самбо және регбиді дамыту да бар. Генерал-полковник Руслан Жақсылықов бұдан бөлек Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына жүз жыл толуына арналған спорттық іс-шараларды сапалы ұйымдастыру қажеттігіне де тоқталды.
Кездесу соңында Қорғаныс министрі АОСК спортшыларын, команда бастықтарын, жаттықтырушылар мен спорт ротасының әскери қызметшілерін марапаттады. «Ел қорғаны» медалі аға лейтенант Марат Байқамұровқа, Қарулы Күштердің қызметкері Нариман Құрбановқа, ефрейтор Нұрқожа Қайпановқа, кіші сержант Жәмила Бақбергеноваға және капитан Зәмзәгүл Файзолановаға табысталды. «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің үздігі» белгісіне қатардағы жауынгерлер Асан Сәлімов, Абдулла Мусин, Әлімхан Сыздықов, ефрейтор Мейіржан Әшіров және Қарулы Күштердің қызметкері Камиль Куруглиев ие болды. Қарулы Күштердің қызметкері Ангелина Лукас министрдің грамотасын алды, ал атаулы сағаттар – подполковник Атахан Нұридиновке, лейтенант Асан Мәмбетқұловқа, капитан Ғұмар Қырғызбаевқа, Қарулы Күштердің қызметкерлері Камал Гаджимагомедовке пен Нұрым Дүйсеновке берілді.
Оқу-әдістемелік жиын аясында Қарулы Күштер түрлерінің, әскер тектері мен жоғары оқу орындарының дене шынықтыру даярлығы және спорт мамандарының қызметінің қорытындысы шығарылды.