Бүгінгі Қазақстан – егемен ел. Заманы тыныш. Түн тыныштығын күзеткен әскері бар елдің бейбітті болғанына барша жұрт шүкіршілік етеді.
Әлқисса
Азаттық – біз үшін асқақ ұғым. Ата-бабаларымыз осы үшін арпалысты. Еркіндікті аңсады. Бізге бодандықта болу бірталайға жазды. Кеңес үкіметінің іргесі сөгілгенге дейін.
Үлкен державаның ғұмыры ұзақ болды. Оның құрсауында он бес мемлекет бар еді. Оның бірі – Қазақ КСР-і. Сол он бес ел орталықтан басқарылды. Бірақ кейінгі басқару жүйесі барлығын тығырыққа тіреді. Орталықпен одақ республикаларының мүдделері көп нәрселерде сәйкес келе бермейтін болды. Өйткені дамыған елдерге қарағанда саяси және экономикалық жағынан Кеңес үкіметі әлдеқайда артта қалды. Ол аздай, жариялылық, жеделдету, қайта құру саясаты жүйеге әсерін тигізбей қоймады. Құрамдас елдер саяси және мемлекеттік жетекшілерден түбегейлі өзгерістер күтті. Бірақ ол бітпейтін саяси талқылауларға түсіп, нәтижесіз қалып жатты. Сондықтан да 80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың басында Кеңес үкіметінде үлкен саяси оқиғалар орын алды. Осы уақытта одақтас республикаларда тәуелсіздікке деген ұмтылыс күшейді. Жер-жерлерде орталық билікке қарсы бас көтерулер жиі болды. Кейбір тарихшылардың айтуынша, осы жылдарда орын алған үлкен саяси оқиғалар Кеңес Одағы құлауының басы болды.
Дербес ел атанды
Сөйтіп, тоқсаныншы жылы мызғымас Одақтың іргесі сөгілді. Құрамындағы бірнеше ел оның құрсауынан шығып жатты. Ең алдымен Балтық елдері өз алдына отау боп шықты. Одан соң Грузия, Молдова және Армения еншісін алды. Біздің ел 1991 жылы жаңа қадамды аттады.
Осылайша, дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан Республикасы, дербес қазақ елі келді. 1991 жылдың 17 желтоқсанында Алматыдағы Орталық алаңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жариялануына және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының бес жылдығына арналған митинг болып өтті. Оған сан мыңдаған адам жиналды.
...Тәуелсіздік табалдырығында тұрған осы жан тебірентер сәтте қазақ елінің еркіндігі, бостандығы жолында бас тіккен азаматтардың, солардың қатарында бұл күнге жете алмай, туған Қазақстанның егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен желтоқсан құрбандарының рухына тағзым етіп, еске алуды парыз санаймын...
Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмашыл, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көпұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін».
Ел қауіпсіздігі ескерілді
Ол кезде думпулер жиі орын алды. Әсіресе, Ауғанстандағы соғыс жағдайы Орталық Азия мемлекеттеріне қауіпсіздікті тереңнен ойлауға тура келді. Осы тұста сол кездегі Қазақ КСР-інің Президенті Н.Ә.Назарбаев аймақтық тұтастықты сақтап қалуды ұйғарды. Сол себептен ел қорғанысын мықтап қолға алды.
Алдымен Қазақстан азаматтарын әскери қызметке шақыру туралы Жарлыққа қол қойды. 1991 жылғы 12 қыркүйектегі бұл құжаттың негізінде бұдан былайғы кезеңде қазақ елінің азаматтары республика басшылығымен әскери қызметке шақырылатын болды. Және әскерге шақырылушыларды республика аумағынан тыс жердегі әскери құрылыс және ішкі әскерлерге жіберуге тосқауыл қойылды. Бұл өз кезегінде Қазақстанның әскери комиссариаттарына республикалық орган ретінде мәртебе берді.
Мұнан соң республиканың тәуелсіздігін, қорғаныстық және басқа да өмірлік маңызды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатымен 1991 жылдың 25 қазанында «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлығын жариялады. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы болып Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов тағайындалды.
Білікті офицерлер тартылды
Сағадат Нұрмағамбетов – бұған дейін КСРО Қарулы Күштерінің сапында Ұлы Отан соғысын бастан өткерген Кеңес Одағының Батыры атанған танымал командир. Әрі жоғары басшылық құрамында болған қолбасшы еді. Құрметті демалыста болғанмен, әскери өмірден қол үзбеген-ді. Білікті офицер сеніп тапсырған іске құлшына кірісті. Кадр мәселесін шешуде және тағы басқа да мәселелерде аянып қалмады. Ол кісінің өлшеусіз еңбегін мына бір естеліктен аңғаруға болады.
«КСРО тарағаннан кейін, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әскерімізде полк басқаратын бірде-бір қазақ болған жоқ. 1991 жылы Қорғаныс комитетінің төрағасы едім, Қарулы Күшіміз әлі құрылмаған. Сол кезде осы кадр мәселесі төңірегінде ойлана бастадық. Себебі, өзге ұлттың өкілдері өз елдеріне кеткісі келді, оларды ұстап тұра алмайсың. Сол тұста жеке-жеке шаңырақ құрған республикалар өз жеріндегі әскерилерге «Ант қабылдаңдар. Қабылдамасаңдар, кетіңдер» деп өз елдерінің антын қабылдатып жатқан-ды. Біз Президентпен кеңесіп, елде қалған әскери қызметшілерге «Ант қабылдамайсыңдар, бұрынғы анттарың жеткілікті» деп жан-жаққа тарай бастаған әскери адамдардың бетін бері бұрдық.
Мұнан бөлек генерал-лейтенант өзге елде жүрген әскерилерді елге алдыруды көздеді. Оларды жылы қабылдап қана қоймай, әкелік, ағалық ақыл-кеңестерін беріп, барлығын бір іске жұмылдыра білді.
Негізі кадр мәселесі түйткілді болды. Жоғары шенділер оның да оңтайлы жолын тапты. Ол жайында Сағадат аға былай деп еске алады: «Иә, жаңадан құрылғалы тұрған Қарулы Күшімізге қажетті мамандарды қайда даярлаймыз деген сұрақ туындай бастады. Сонда біз қайттік, Ресейдің Генералдық штабымен Республикаға кадр дайындау жөнінде шарт жасастық. Ресей әуелі келісім бере қойған жоқ, біз түгілі Украина мен Белоруссияны да жолатпады. Не керек, түбінде келісімге келіп, жыл сайын 40 офицер әскери академияға, 250-300 офицер әскери училищеге оқуға қабылданатын болды. Менің жіберген сол офицерлерімнің көбісі қазіргі кезде генерал, бастық болды. Академияға қазақтың офицерлерін тартып отырып оқуға жіберген едім. Алғашында қиындық болар, алайда, кейін олардың барлығы елдің мүддесі үшін қызмет етер, қол бастар деп жібердім. Үміт ақталды».
Сағадат ағаның әскер ісіне тартқан офицерлерінің бірі – сол кездегі подполковник Абай Тасболатов. Егемендіктің алғашқы жылдарында әскери училищеге бастық етіп тағайындаған оған: «Жігіттерді өсіресің және көбіне қазақтың баласын аласың. Емтиханда аузын ашып, аяғын басып ынта білдірсе, офицер боламын десе, мұрнынан боғы ақса да оқуға аласың» деген екен генерал.
Ел армиясы құрылды
Жалпы, Қазақстан тәуелсіз ел ретінде өзінің дербес әскерін құру ісін 1992 жылдың 7 мамырында Президенттің «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлықтары шыққаннан кейін бастап кетті. Осы күні еліміздің аумағындағы КСРО әскери күштерінің есебіндегі мекемелер, бөлімдер, құрамалар, ұйымдар, полигондар, сақтау базалары, қоймалар, жылжитын және жылжымайтын әскери мүліктер Қазақстан құзыретіне берілді.
Сондай-ақ дәл сол күні генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетовке генерал-полковник шені тапсырылды және ол еліміздің Қорғаныс министрі болып тағайындалды.
Содан бергі аралықта ел әскерін қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Бұл орайда, дәлірегі Қазақстан әскерін заманауи тұрғыда дамыту мәселесінде жаңа талаптар мен қазіргі таңдағы қауіп-қатерлер барынша ескерілді. Сондай-ақ әлемдік және аймақтық қауіпсіздікті сақтау шараларына еліміздің белсене қатысуын қамтамасыз ету бағытына ден қойылды. Бұл жұмыстарды нәтижелі жүргізу, Қарулы Күштеріміздің заманауи сипатын анықтау, оның нормативтік-құқықтық негізін құру және басқа да аса маңызды міндеттерді іске асыру үшін 1993 жылы ақпанда еліміздің бірінші Әскери доктринасы қабылданды. Оған Қазақстан әскерін құру қағидаттары енгізілді. Бұл құжат әскерімізді заманауи тұрғыда дамытуға жол ашты. Одан кейінгі уақытта, яғни, 2000 жылғы ақпанда екінші Әскери доктрина бекітілді. Ол Қарулы Күштерді құру және реформалаудың басым бағыттарын нақтылады. Ал 2007 жылы наурызда қабылданған Әскери доктринада өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің белгіленген аймақтарда әскери қауіпсіздік міндеттерін шешу мәселелеріндегі дербестігін қамтамасыз ету жайы айқындалды.
Қазақстанның айбынды армиясы
Міне, еліміз егемендік алғалы отыз бір жыл болды. Ал тәуелсіздік жылдар тұсында құрылған Қазақстан Қарулы Күштеріне – биыл 32 жыл.
Бұл отыз екі жылда талай қамал алынды. Көптеген қадамдар жасалды. Талай құрылым қанатын кеңге жайды. Қазақстанның Қарулы Күштері мейлінше дамыды.
Бүгінде Қарулы Күштеріміз үш түрлі құрылымнан тұрады. Олар: Құрлықтағы әскер, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері. Бұлардың әлеуеті ұлғайтылды. Стратегиялық тұрғыда дағдарыстық жағдайлар орын алған кезде негізгі міндеттерді шешуге қатысу үшін жоғары деңгейлі әскери топтар, кез келген қауіп-қатерге қарсы жедел әрекет ететін Арнайы операция тобы, киберкеңістікте қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл мақсатында ақпараттық күрес компоненті құрылды. Сондай-ақ мемлекеттің аумақтық қорғаныс саласын біріктіру үшін Қарулы Күштер құрамындағы аумақтық әскерлердің басқару органы пайда болды. Құрылымның барлық сатылары қамтыла отырып, еліміздің әскери оқу орындары арқылы мамандар дайындау ісі жолға қойылды.
Отыз жыл ішінде елімізде ұлттық әскери мамандарды даярлау жүйесі өз деңгейінде қалыптасты. Әскери бағыттағы оқу орындардың оқу-тәрбиелік үдерісіне озық технологиялар енгізілді, мамандардың білім деңгейін көтеру үшін оқу-әдістемелік база кеңейтілді. Біздің әскери жоғары оқу орындарымызда Армения, Қырғызстан және Тәжікстан сынды елдердің әскери қызметшілері де білім алатын деңгейге жетті. Өз кезегінде тәжірибе алмасу үшін біздің әскери қызметшілеріміз де шетелдердегі жоғары оқу орындарында шыңдалуда. Бұл бағыттағы жұмыстар халықаралық әскери ынтымақтастыққа, дәлірегі, басқа елдер әскерлерімен өзара іс-қимылға және тәжірибе алмасуға баса назар аударылуының арқасында жүзеге асырылуда. Осы орайда біздің әскери құрамалар ШЫҰ, ҰҚШҰ аясында өтетін оқу-жаттығуларға да үнемі белсене қатысып, өздерінің жоғары деңгейлерін көрсетіп жүргенін мақтанышпен айта аламыз.
Жалпы, Қарулы Күштеріміздің сапасын жоғары деңгейге көтеру үшін саланы заманауи стандарттарға, әлемдік тәжірибелерге сай дамыту басты міндеттердің бірі болып саналады. Сондықтан қазіргі таңда Қарулы Күштеріміз әскери шақыру және келісімшарт бойынша, яғни аралас тәсілмен жасақталуда. Соның нәтижесінде сержанттар мен сарбаздар құрамының 70 пайыздан астамын келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілер құрап отыр. Қалған 30 пайызын әскери борышын өтеуге міндетті азаматтар құрайды. Әскерді жасақтаудың осы тәсілі өз тиімділігін көрсетуде.
Иә, қазір заманауи және кәсіби әскері бар бейбіт елміз. Бүгінде Қазақстан өзінің әскери әзірлігі және техникалық жарақтануы жағынан әлемнің алдыңғы қатарлы армияларымен иық теңестіре алатын дәрежеге жетті. Кәсіби тұрғыда шыңдалған Қарулы Күштеріміз халықаралық бірлескен стратегиялық кешенді оқу-жаттығуларына белсене қатысып, мерейлерінің үстем болып жүргені де бар. Еліміздің Қарулы Күштері жауынгерлік даярлықтың жоғары қарқынды деңгейімен, сапалы жұмылдыру резервімен, ұлттық әскери оқу орындары жүйесімен және қажетті материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен ТМД-ның кейбір елдерінің арасында оқ бойы озық тұруы да – біз үшін мақтаныш. Мұның бәрі әскери қызметшілердің жоғары кәсіби даярлығымен, үйлесімділік пен жауынгерлік дағды үлгісін көрсетумен және аға буынның батырлық, жауынгерлік дәстүр сабақтастығының жалғасуымен жетіп отырған жетістіктеріміз екенін білгеніміз жөн.
P.S. Тағы бір айта кетер жайт, тәуелсіздік жылдарында әскерімізді заманауи қару-жарақпен, озық үлгідегі әскери техникамен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілді. Қажетті жаңа қару-жарақтар мен техникалар сатып алынды. Бұған қоса, бұрыннан қолданыста болған құрал-жабдықтар мен әскери техникалар жөндеуден өткізіліп, жаңғыртылды.
Қазіргі таңда Қарулы Күштеріміздің халықаралық рейтингтегі жағдайы жылдан-жылға оңала түскені жасырын емес.
Рима ӘБЕУОВА