Еліміздің Қарулы Күштерінде белгіленген мерзімді қызметтерін өткеру үшін «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының Абай гарнизонындағы 44736 және 44793 әскери бөлімдеріне шақырылған 83 сарбаз Отанды адал қорғауға ант қабылдады.
Айтулы оқиғаның құрметіне орай еліміздің әнұраны орындалып, жас сарбаздарға ант қабылдау рәсімінің маңыздылығы түсіндірілді. Әскери ант – сарбаздың ел Президентіне, Қазақстанның көпұлтты халқына адал болуға беретін серті, Отан қорғаушының ар мен намыс кодексі және қызметтегі міндеттерді заң жүзінде мінсіз атқаруды талап ететін мемлекеттік құжат екені айтылды. Мінбеден сөз сөйлегендер әскери ант қабылдаудың салтанатты рәсімі – терең патриоттық маңызы бар шара әрі адам өміріндегі аса жауапты сәт екеніне мән берді. Сарбаздарды семсер сүйіп серт берген батыр бабаларымыздай антқа адал болуға шақырды. Ата-аналар болса, нағыз жігітке лайық қадам жасаған ұлдарының Отан алдындағы борышты абыроймен атқаратындарына үміт артты.
«Құрметті ата-аналар! Офицер мырзалар мен сержанттар! Жас сарбаздар! Сіздерді бүгінгі мейрамдарыңызбен құттықтаймын! Әскери өмірдің баспалдағы әскери ант қабылдаудан басталады. Әскери ант – ол әскерге барған азаматтың өміріндегі ұмытылмас тарихи сәттің бірі. Ер жігіт өмірінде бір-ақ рет ант қабылдайды. Бүгін барлығымыз осы сәттің куәсі болып тұрмыз. Құрметті сарбаздар! Осы сәттен бастап сіздер балалықты қойып, еркелікті тастап, жігіттік өмірге қадам басып жатқан шақтарыңыз. Осы кезден бастап табандылық, шыдамдылық, қайсарлық сынды нағыз жігіттік мінез қалыптасатын кезең. Өздеріңізді нағыз көрсететін кезең осы. Осындай кезде ата-ана мен баланың арасындағы сағынышы мен мейірімі, махаббаты арта түседі. Ата-аналарға тілерім – сабыр. Бала болып кеткен ұлдарыңыз есейген күйде нағыз жігіттік мінезі қалыптасқан, байсалды, ересек жігіт болып үйге оралуын тілеймін! Құрметті сарбаздар! Бауыржан Момышұлы айтқандай, «тәртіпке бағынған құл болмас». Басшылық пен командирлеріңе бағына біліңдер! Берген анттарыңа берік болыңдар! Табандылық пен төзімділік танытып, үйлеріңе аман-сау оралыңдар! Үйлеріңде күтіп отырған жандар бар. Елім дейтін ер мінезді азамат болыңдар! Қолбасшылыққа осындай іс-шараның куәсі болуымызға себепші болғандарыңызға үлкен алғыс білдіремін! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, қызметтеріңізге тыныштық тілеймін! Әскери шендеріңіз бен қызметтік дәрежелеріңіз өсе берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!», - деді ақ батасын берген Миркүл Сыдықова.
Әскери ант қабылдаған әскери бөлімдердің жауынгерлері еркін жаттығулар кешені мен әскери қоян-қолтық ұрыс өнерін көрсетті. Саптық шеру де салтанаттың көркін келтірді. Салтанатты рәсімге еліміздің түкпір-түкпірінен жеткен ата-аналар балаларының бір айдың көлемінде әскери өмірге бейімделіп, әскери сәлемдесу мен сап түзеуге машықтанғанына қуанды. Сарбаздардың ет-жақындарына 44736 әскери бөлімінің әскери тапсырмаларды орындау мақсатындағы қазіргі заманғы қару-жарақ түрлері, 44793 әскери бөлімінің радиорелелік станция көліктері мен командалы-штабтық машиналары көрсетілді.
«Атамның әкесі, арғы атам Қоржынбай Иманғалиев Ұлы Отан соғысына қатысқан. Майдан даласынан елге аман-есен оралып, екі жылдан соң қайтыс болды. Елді жаудан қорғау жолында от кешкен батыр бабаларымды мақтан тұтамын. Биыл жазда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін саясаттану мамандығы бойынша тәмамдап, қолыма дипломымды алдым. Өзім Алматы қаласында туып-өскенмін, бірақ Астанадағы жоғары оқу орны бойынша тіркеуде тұрғандықтан, мерзімді әскери қызметке сол қаладан шақырылдым. Бүгін сапта тұрып, салтанатты түрде серт бердім. Отан алдындағы әскери антыма адал боламын», - деді қатардағы Серікәли Дулатұлы.
44736 әскери бөлімінің мәдени-демалыс клубында ата-аналармен сұхбаттасқан бөлім командирі подполковник Талап Бирбаланов бұл ерекше әскери бөлім екенін еске салды. Орынбасарларымен, құрылым командирлерімен, сарбаздардың әскердегі аналарымен таныстырды. Сондай-ақ, ата-аналардан балаларының денсаулығына қатысты жайттарды жасырып қалмай, ашық айтуды сұрады. Бұған дейін бір ай көлемінде саптық жүріс пен әскери іске машықтанған жас жауынгерлердің енді мамандықтар бойынша арнайы білім алып, қызметтерін атқаратындарын әрі суық демей, қыс демей, функционалдық міндеттерін толық орындайтындарын да ескертті.
Мінбеге шыққан бөлім командирінің жауынгерлік және арнайы дайындық жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы майор Берік Бохаев әскерден кейінгі тегін білім алу тақырыбына тоқталды. Мерзімді әскери қызмет өткерген сарбаздарды 5 балдық есеп бойынша бағалаудың тәртібін тәптіштеп түсіндірді. Еске сала кетейік, 44736 әскери бөлімінде биыл мерзімді қызметін өтеген 8 сарбаз рейтинг нәтижелерінің негізінде оқуға түсуге мүмкіндік беретін ұсыным алды.
Бөлім командирінің тылмен қамтамасыз ету жөніндегі орынбасарының міндетін уақытша атқарушы майор Алмаз Шайдильдин жас толымның жатын, жуынатын орын, киім-кешекпен толық қамтамасыз етілгенін, әскери бөлім арнайы мақсаттағы болғандықтан, басқа әскери бөлімдерге қарағанда мұндағы сарбаздардың тамақтану рационы да бөлек екенін жеткізді. Бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Айдос Куашов жас жауынгерлердің тәртібі мен тәрбиесіне, медицина қызметінің бастығы майор Ақжан Бегімов денсаулығына қатысты мәселені қозғады. Заң қызметінің бастығы әділет майоры Жандос Кенжебаев мерзімді әскери қызмет өткеру кезіндегі «кредиттік каникул», банктерде несиесі бар мерзімді әскери қызметшілерге ай сайынғы төлемді кейінге шегерудің тәртібі және оған жүгінудің реті туралы мағлұмат берді. Сарбаздардың жалақысына байланысты сұраққа қаржы қызметінің бастығы аға лейтенант Альмира Қыдырманова жауап берді.
Ант қабылдау рәсіміне келген жас жауынгерлердің туыстары әскери бөлімдердегі казармаларды, оқу бөлмелерін, спорт зал, мәдени клуб, асхананы да көрді.
Алуа ИСКАКОВА
Суреттерді түсірген автор