Бірі Бауыржан болып, Ұлы Отан соғысы жылдарының басында Мәскеу қаласын жаудан қорғап қалуда аты аңызға айналса, екіншісі Рақымжан есімді қазақ азаматы соғыстың соңғы нүктесін қою ісінде, яғни, Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын ең бірінші болып желбіретіп әйгіленді.
Осы арада қос батырдың «Ұлы Отан үшін болған сұрапыл соғыс жылдарының майдан даласында, бір-бірімен жолығысып қалған кездері болды ма екен?» деген сұрақтың туындайтыны сөзсіз. Бауыржан мен Рақымжан гитлерлік неміс басқыншыларына қарсы соғыс алаңында бір-бірімен ешқашан кездеспеген. Тек соғыс аяқталып, елге аман-есен оралғандарында бейбіт күндегі күйбең тіршілікте амандық-саулық білісіп, бір-бірімен ұзақ әңгіме-дүкен құрғандығын растайтын Рақымжан Қошқарбаевтың көзі тірісіндегі мына бір естелігіне көз жүгіртейік:
«Осыдан бұрынғы бір әңгімемде, мен өзім 1947 жылы әскерден босап елге келдім деп айттым ғой. Тиісті жұмысымды әстеп жүріп жаттым. Сондағы таңғалғаным, өзіміздің қалам иелері арасынан: «Орталық газеттер осы жігіт туралы 1945 жылдан бері жазып жатыр ғой. Сол оқиға қалай болды екен? Біз де білейік те...» - деп сұраған бірде-бір жанды кездестірмедім. Сөйтіп арада он жылға жуық уақыт өтті. 1956 жылы атақты Баукең, Бауыржан Момышұлы әскердегі қызметінен босап, Алматыға келіпті деп естідім. Жұмыстан қолым тимей әне-міне деп жүріп, 1957 жылдың аяғында ғой деймін, сәлем беруге бардым. Жақсы қабылдады. Дастархан басында айтылмаған әңгіме, шертілмеген сыр қалмады. Кетерінде, қайда, кімнің қарауында, нендей қызмет істейтінімді жазып алып қалды. Көп кешікпей мынадай әңгімені құлағым шалды. Өзім іздеп барған сол Баукең, аруағыңнан айналайын, Бауыржан аға, Қазақстан Жазушылар одағының бір үлкен жиынына барғанда сөз алыпты да: «Бізде осындай адам бар, оны білмейсіңдер, көрмейсіңдер. Ол «тарихи адам» деп, әлдекімдерге қатты кейіпті».
Ақиқатында, қазақ ері Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен ерлігі жайында сол кездегі он бес республиканың басын құраған Одақ түгілі, қазақ елі ішінде көп жылдар бойы «жабулы қазан жабылған күйінде» ашылмай келген.
Бұл жайында өткен ғасырдың 80-жылдарындағы «Қазақстан коммунисті» журналының редакция басшысы Кәкімжан Қазыбаевтың бір естелігінде. «...Баукең осы сөздерді айтты да, қолыма тілдей қағазды ұстатты. Онда: «Рақымжан. Рейхстаг қаһарманы! Страшно... Соғыс біткелі 13 жыл. Ешкім іздемеген. Ахметжан Қойшығұловтың қарамағында жұмыс істейді» - деп жазылыпты. Мұны оқи сала, болашақ кейіпкерімді ал кеп іздейін. Көп кешікпей оны таптым да... Аңқылдаған ақжарқын жігіт екен. Оңай тіл табыстық. Қайта-қайта барып бес күндей әңгімелестім. Содан жазуға отырдым» деп жазылған.
Халық батыры Бауыржан Момышұлының араласуының нәтижесінде 1958 жылдың 21 ақпан күні «Лениншіл жас» газетінде К.Қазыбаевтың «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» деген деректі очеркі қазақстандық қалың оқырманның қолына алғаш рет тиеді. Міне, бір-бірін іздеп тұратын, сый-құрмет жасап, сіз деп тұратын нағыз батырлар осылар ғой.