Сапарғали ЖАҒЫПАРОВ: ӘСКЕРИ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ОРНЫ ЕРЕКШЕ

Админ

Кейінгі жылдары 7 қараша – Әскери журналист күнін кәсіби мереке ретінде атап өтіп жүрміз. Бұл күн 1929 жылы «Қызыл әскер» республикалық әскери газеттің алғашқы нөмірінің шығуына орайластырылып, ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен бекітілген.

Осы атаулы күнге орай Қазақстан әскери баспасөзіне сүбелі үлес қосқан ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, запастағы полковник Сапарғали Жағыпаровты әңгімеге тартқан едік. Қазақтың алғашқы әскери журналисі өмірлік жолын, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш басылымы және бүгінгі әскери баспасөз құралдарына деген көзқарасы жайында кеңінен ой қозғады.

  – Сапарғали Нұрдәулетұлы, сізді біздің оқырмандар жақсы біледі. Әскери журналистикада көп жыл еңбек еттіңіз, былай айтқанда, жілігін шағып, майын іштіңіз. Осы саланы таңдауыңызға не себеп?

 

 Бала күнімнен арманым әскери журналист болу еді. Ауылымның адамдары осы ойымды естігенде таңғалатын. Неге десеңіз, көбіне жастар ол кезде ауылшаруашылық, не болмаса пединститутты таңдайтын. Мен болсам, айдаладағы, яғни, батыс Украинадағы Львов жоғары әскери-саяси училищесіндегі журналистика факультетін таңдадым. Бұған Дәуқара ауылымдағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерліктері әсер етті. «Батырдың  бәрі батыл болмас, батылдың бәрі батыр болмас» демекші, cонау соғыс  майдангерлерінің жүректеріне салған салмағы ауыр, суыққа да, ыстыққа да төзіп, қанды шайқаста да бар күш-қайратын салып, аянбаған жерлестерімнің батырлығы туралы халыққа жеткізгім келді.

Сол ауылымның батырлары, «Қызыл Жұлдыз» ордені иегерлері барлаушылар Шалабай Қанашев, Жүсіпбек Махметов, «ЗИС-5» автомашина жүргізушісі Қасен Омаров т.б. туралы мектепте оқып жүріп облыстық, республикалық газеттерге жазып тұрдым.

Осылай арманыма жол ашылды. Дегеніме жеттім.

 

– Сапар аға, сіздің алғашқы қадамыңыз Тынық мұхит флоты Приморье флотилиясының «Боевой призыв» газетінен басталды. Сіз сол кезде «Адмирал Сенявин» крейсеріндегі мұхит жорықтары жайында жазған екенсіз. Ол еліміздің «Лениншіл жас» газетінде де жарық көріпті...

– Иә, «жүректен із кетпес қызық көрсек, жақсылықты аянбай жұртқа бөлсек...» деп Абай атамыз жырлағандай, Тынық флотындағы қызметіме байланысты талай қызықты оқиғалар болды. Соның ішінде біздің елден флот қызметіне шақырылған теңізшілермен байланысты естеліктер әлі есімде. Жауынгерлік кемелермен, әсіресе, «Адмирал Сенявин» крейсерімен мұхит жорығына шығып, адал мінезді, өздеріне сенімді, әскери антына берік, оқу-жаттығуларда шеберлік танытқан теңізшілермен бірге жүріп, олардың ерліктеріне таңғалдым.

Мысалы, капитан-лейтенант Сергей Сағытов қазақ, орыс  теңізшілермен бірге болып, шымырлаған ақжол толқынында жауынгерлік 800 килограмдық тот басқан теңіз минасын залалсыздандырғанға куә болдым.

Осы, басқа да еліміздің теңізшілердің жігерлері жайында «Лениншіл жас», «Көкшетау правдасы» (бүгін «Көкшетау») т.б. баспасөз бетіне жазып тұрдым. Осындай ерліктер бүгінгі жастарға әскери-патриоттық тәрбиесінде  неге үлгі-өнеге болмасқа?!

 

–   Кейін Орта Азия әскери округінің «Боевое знамя» газетінде қалам тербедіңіз. Қазақтан шыққан тұңғыш әскери журналиске көзқарас қалай болды?

 

 Орта Азия «Боевое знамя», Батыс топтар әскерінің «Советская Армия» («Наследник Победы» (Германия жерінде) редакцияларында қызмет атқарғанда да басқа ұлттардың ортасында ешкімнен кем болған жоқпын. Қазақ екенімді мақтан тұттым. Намысымды биік ұстауға тырыстым. Жазған шығармаларым тақтада мақтаныш ретінде ілулі болды. Өз міндетімнен басқа редактордың тапсырмасымен журналистердің тәрбие жұмысымен де айналыстым.

 

– Ал еліміз тәуелсіздік алған кезде сіз «Қазақстан сарбазы - Воин Казахстана» (бүгінгі «Сарбаз») редакция газетін басқардыңыз.  Басшы ретінде редакция құрамын жасақтау, газет ісін жүргізу сияқты істерді қолға алдыңыз. Сізге ол қиынға соқпады ма?

 

– Өтпелі кезеңде бұрынғы Орта Азия әскери округінің «Боевое знамя» газеті жабылып, журналистер елдеріне кете бастады. Мен де еліме оралдым. Маған тәуелсіз еліміздің «Қазақстан сарбазы - Воин Казахстана» басылымының бас редакторы болу бақыты бұйырды. Сөйтіп, 1992 жылы 16 желтоқсанда газетіміздің алғашқы нөмірі жарық көрді. Демек, тәуелсіз еліміздің қазақ әскери журналистикасы сол 90 жылдардан басталды деп айтуға болады.

Алғашқы бетте қаржы жағынан қиыншылық болды. Бірақ та газет Қорғаныс министрлігінің баспаханасында басылды. Сондай-ақ тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың қолдауының арқасында аса ауыртпалық көрген жоқпыз.

Бастапқыда журналистердің саны аз еді. Дегенмен, оқырмандармен тығыз байланыста болдық. Жиі-жиі іссапарда болып, оқырмандармен кездесіп, тапсырма беріп отырдық.

Сонымен бірге, Қорғаныс министрлігінің, Қарулы Күштерінің Бас штаб басшылары бізбен кездесіп, әскердегі болып жатқан мәселелерді айтып, қандай бөлімдерге көңіл бөліп, озат тәжірибелері туралы жазуға болады, соның бәріне ой қосып, кеңестерін беретін.

 «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деп, біз – журналистер газет бетінде Отан қорғаушылардың жақсы қызметімен бірге, олардың шешілмеген мәселелері туралы жаздық. Погон таққан журналист-офицерлер фототілшімен алыстағы гарнизондарда болып, жауынгерлік дайындық, тыл жұмысына байланысты мәселелерді кеңінен жазды.

 

– Іссапар демекші, 1996 жылы, тіпті, ел асып, қызметтік сапармен тәжік-ауған шекарасына барғаныңызды естідік. Білуімізше, бір жарым айдай болып, «Қазбат» жауынгерлерімен кездескен екенсіз...

 

– І996 жылы Фотостудия басшысы полковник Қайыр Дінбаянов екеумізге Тәжікстанның Таулы Бадахшан облысындағы Қалайхумб жеріне баруға жол бұйырды. Ол жерде тәжік-ауған шекара күзетінде біздің Қазақстан батальоны шоғырланған еді. Бізді батальон командирі подполковник Алексей Володин жылы шыраймен қарсы алып, шекарада болған жағдайды айтып берді.

Алексей Андреевичтің Таулы Бадахшанда қызмет еткеніне 8 жыл болған екен. Оның жергілікті жерді, шекараның бергі, арғы бетін бес саусақтай білетініне көзіміз жетті. Сондай-ақ, шекараның арғы жағында жау қимылдай бастаса, Володин тез шешім қабылдап, сарбаздарымен бірге моджахедтерге шабуыл жасайды. Қалай болса да, жауды шекарадан өткізбейді.

Осы Қалайхумб жерінде суық хабарды естідік. Өкінішке қарай, 1995 жылы 7 сәуірде 17 қазақстандық жігіттер ерлікпен қаза тапқан екен. Оқиға былай өрбіген, 7-ші құрама бітімгершілік ротасы шекарада содырлардың кенеттен қарулы шабуылына тап болады. Қысылтаяңда біздің шекарашылар төрт сағатқа созылған шайқаста жауға қарсы ерліктерімен әскери борыштарын толығымен орындап, моджахедтерді шекарадан өткізбейді. Айтылған ұрыста 17 жігіт батырлық танытып, қаза болады.  Ал, отыздан астамы ауыр жарақат алады. Мен олардың ерлігі жөнінде «Қазақстан сарбазы - Воин Казахстана», «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттеріне очерк жаздым. Артынан көп уақыт өтпей, батырларға Астанада ескерткіш ашылды.

 

– Өзіңіз білесіз, сіз басқарған «Қазақстан сарбазы» газетінде 2007 жылдың соңында құрылымдық өзгерістер болды. Бүгінгі «Сарбаз» атауын иеленді, редакция қайта жасақталды. Кезінде әскери шенділер қызмет етсе, сол жылы азаматтық өкілдер келіп, тыңнан түрен салды. Оларға әскери тақырып таңсық болса да, газет ісін шама-шарқынша қолға алды.

Бірақ сол кезде «азаматтық саладағы адамдар емес, әскерилер газет ісін жүргізу керек еді» деген пікірлерді жиі естідік. Сіздің ойыңызша, оған не кедергі болды?

 

«Айтылмаса, сөздің атасы өледі» демекші, 2007 жылы Қорғаныс министрлігіне жаңа басшы Даниал Ахметов келді. Сол кезде «Қазақстан сарбазы - Воин Казахстана» редакциясында өзгерістер басталды. Кешегі министрліктің орталық органы болған басылым әскери-патриоттық газетке айналды. Сол кездегі редакцияны басқарған полковник Серік Қанапиянов оған келіспеді. Менің де ойым редактордың позициясымен сәйкес келді.  Сол жылы рапорт жазып, әскерден отставкаға кеттім.  Сол кез бәрімізге түсініксіз болды. 

Шынын айту керек, еліміз тәуелсіздік алған кезде біздің жаңа құрылған «Қазақстан сарбазы - Воин Казахстана» журналистері «Қалқан», «Отан сақшысы» ұжымына үлгі-өнеге болып, көмек көрсеткен еді. Ол жөнінде менімен кездескенде «Отан сақшысы» редакция газетінің бұрынғы редактордың бірінші орынбасары отставкадағы полковник Сағидолла Сиқымбайұлы: «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпейді» демекші, қиналған сәтте қолұшын берген әріптестерге айтар алғысым шексіз» деген еді.

 

–  Сіз қашанда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналы редакциясының ұжымымен араласып келесіз. Бас редакторлардың бәрімен тығыз байланыста болдыңыз. Сіздің ойыңызша, қай редактордың тұсында газет ісі жанданды?

 

Бас редакторлар жөнінде еске алатын болсам, менің ойымша газетке марқұм Ерғазы Әсембековтың көп еңбегі сіңді. Оның кезінде газет жанданды, қазақ тіліне көңіл бөліне бастады. Әрине, оқырмандардың оған көңілдері толды.  «Айбын» журналында көркемдік, танымдық материалдар жарық көріп, оқырман саны да еселенді.

Ғұмырының соңғы бес жылында Ерғазы Әсембеков «Сарбазда» қолтаңбасын қалдырды. Макетті өзі сызып, газеттің безендіруіне күш салды. Осы басылымдарда кезінде қызмет еткен біздерді құшақ жая қарсы алатын. Авторларына, оқырмандарына редакцияның есігі айқара ашық болды.

 Ақпарат саласында тәжірибесі молдығының, зейінділіктің, білімдарлықтың, байсалдықтың арқасында шынайы оқырмандарды тартып, газетке жазылуына күш салды.

Одан кейін Батырхан Серікұлын айтар едім. Ол өткен тарихымызды түгендеді. Яғни, қазақ әскери баспасөзін зерделеп, мұрағатқа барып, алғашқы қазақ әскери газетінің сарғайған бетін тауып, оның тарихы әріден басталатынын айқындады. Осы тарихи деректерге байланысты Қорғаныс министрдің басшылығымен «Қызыл әскер» басылымының 90 жылдығы кеңінен тойланды.

   – Иә, сөзіңіз аузыңызда, сол тұста әскери басылымға қатысты дөңгелек үстел өтіп, онда әскери журналистиканы зерттеуші ғалымдар 1929 жылы 7 қарашада жарық көрген «Қызыл әскер» газетімен Қазақстанның әскери баспасөзін байланыстырып еді. Және бүгінгі «Сарбазды» сол басылымның заңды жалғасы деп тапты. Осы орайда сұрайын, сол ғалымдар айтқан бүгінгі «Сарбаз» газеті мен сіз басқарған «Қазақстан сарбазы» газетінің айырмасы бар ма?

 

– Біле білгенде, кешегі «Қазақстан сарбазы» бүгінде «Сарбаз» газеті деп аталады. Анығы осы. Бірақ, мен басқарған сол кездегі редакцияны бүгінгі «Сарбазбен» салыстыруға мүлдем келмейді. Арасы жер мен көктей.  

Біздің кезімізде штатта отыздан астам қызметкер болды. Осы жерде айта кетерім, жеке бухгалтериямыз және баспасөзге жазылу бөлімі (отделение подписки) қызмет атқарды. Жазылу бөлімінің қызметкерлері газет, журналға жазылу ісімен айналысатын еді. Осылай қайнап жатқан қазанына түсіп күймеген, отымен кіріп, күлімен шықпаған соң ол газетке кері әсер беріп қана қоймай, жағдайды да қиындатады. Жағдай демекші, біздің кезімізде шығармашыл топқа жақсы жағдай қарастырылды. Өзгесін айтпай-ақ қояйын, кезінде біз қаламгерлерге қаламақысын (гонорар) төлейтін едік. Қазір ол ұғымның ұмыт қалғанына қаншама уақыт өтті.

Біз көріп, біліп жүрміз. Бүгінгі «Сарбаз» азғантай ғана ұжым. Солай бола тұра, «Сарбазбен» қоса, «Айбын» журналы мен «Әскери заңгер» газетіне, яғни 3 басылымға бірдей күш салып отыр. Жағдайлары мәз болмаса да, газеттің өміршеңдігіне атсалысып жүрген шығарушы редакторлар – Тимур Әубәкіровке, Ерлібай Қадырбайға, тілшілер Рима Әбеуоваға, Алуа Искаковаға, Марат Жүніс-бекке, Нариман Дюсеновке, Фархат Кинжетаевқа т.б. алғысым шексіз.

 

– Айтпақшы, қазіргі таңда қоғамда баспасөздің болашағына, өміршеңдігіне күмән келтіріп жатады. Көпті көрген адамсыз, заман талабына сай газеттер жабылып, басылымдар жұмысын тоқтатуы мүмкін бе?

 

– Жоқ, олай болмайды.  Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсыновтың мынадай сөзі бар: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Бұл қанатты сөз бүгінгі таңда да маңызын жойған жоқ.  Газет – қоғамның жаршысы. Интернет-сайт ол тек жаңалықтарды ғана таратады.  Ал басылымдар – еліміздің рухани қазынасы, елдің айнасы.  Алысқа бармай-ақ «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналы жаңалықтардан басқа да еліміздің, Қарулы Күштеріміздің тарихын, сарбаз, сержант, офицер, генералдардың өмір-тіршіліктерін жазады. Сондай-ақ жастардың әскери-патриоттық тұрғыда тәрбие беру құралы, батырлар ерлігінің жаршысы. Сөздің қысқасы, ұлтымыздың тағы бір жанашыры Міржақып Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деген сөзін еске алып, ел барда, қоғам барда баспасөз жойылмайды деп нық сеніммен айта аламын.

 

– Сөз соңында жолыңызды қуып, қалам тербеп жүрген әріптестеріңізге не айтар едіңіз немесе тілегіңіз бар ма?

– «Ең абзал нәрсе ақыл, бәрінен күшті – көркемдік, барлық нәрседен артық – еңбек» дейді атам қазақ. «Сарбаз», «Айбын» ұжымына көкіректеріңіз күмбірлеген домбыраның күйіндей болып, әрдайым шабытты, сарқылмас бақытты болыңыздар дегім келеді.

 

– Уақытыңызды бөліп, бізбен сұхбаттасқан сізге де алғысымыз шексіз. Аман болыңыз, аға!

 

 Сұхбаттасқан Рима БІЛӘЛҚЫЗЫ

 

 

 

 

__Последние новости

  • Басты назарда

Әскери борышын өтеуге келді

Кеше, 13:14
Админ
  • Басты назарда

Үшжақты меморандумға қол қойылды

12/11/2024 - 11:12
  • Басты назарда

ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ – ЖАС САРБАЗ

11/11/2024 - 11:09
  • Басты назарда

ФОТОТІЛШІ – ТІЛШІНІҢ СЕНІМДІ СЕРІГІ

08/11/2024 - 15:19
  • Басты назарда

Азаматтық парызын өтеуге аттанды

07/11/2024 - 16:59
  • Басты назарда

Әскери бөлімде оқудан өтті

07/11/2024 - 13:03
  • Басты назарда

Мерзімді әскерге шығарып салды

06/11/2024 - 16:56
  • Басты назарда

Әскерде шыңдалған сарбаздар

05/11/2024 - 17:15
  • Басты назарда

Мергендер Жетісуда сынға түсті

04/11/2024 - 16:50
  • Басты назарда

Айтулы күндегі іс-шара

02/11/2024 - 16:54