Жуырда Кеңес Одағының батыры Сабыр Рақымов атындағы әскери колледж кітапханашылары мен Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханасының №2 бөлімшесі кітапханашыларымен бірлесіп Ұлы Отан соғысындағы мaйданда ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен, қазақтың қайтпас қайсар ұлы, Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен, ҚР-ның Халық қаhарманы, қазақ елінің ұлы тұлғасы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Рейхстагқа алғаш ту тіккен батыр» атты ауқымды танымдық кеш аталып өтті.
Шара өз алдына әскери колледж тәрбиеленушілердің бойында патриоттық сезімдерін дамыту, батырлық бейнесіне жетелеу, ұлтжандылыққа, парасаттылыққа тәрбиелеу. Рақымжан Қошқарбаев туралы жаңа мәліметтер бере отырып, жас ұрпақты өз Отанын сүюге, бейбітшілікті нығайту мен берік сақтауға, ержүректілікке тәрбиелеу мақсатын қойды.
Айта кетсек, Рақымжан Қошқарбаевтың Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен ерлігі қазақ халқына аян. Соғыс жылдарында от пен суды қатар кешіп жүріп, Берлинге дейін бірге барған, бейбіт күндерінде, өмірінің соңына дейін араласқан жан досы Жанша Жанасұлының естелігінде досы туралы былай жазады:
«Соғыс басталғанда Рақымжан Қошқарбаев 16 жаста болатын. Ол да ер-азаматтармен қатар майдан шебінде Отанын қорғауға атсалысуға сұранады. 1942 жылдың тамызында Қазақстан және Орта Азия сарбаздарының әскери дайындығынан өтіп Көкшетау қаласындағы атқыштар полкі қатарына алынады, ол кезде небәрі 18 жаста еді. Соғыстың соңына қарай лейтенант 150-ші атқыштар дивизиясының 647-ші атқыштар полкінің барлау взводының командирі болады. Осы кезде шапшаң әрі көзсіз батыр қазақ жігітінің есімі майдан шебінде аңыздай тарап, қайсарлығымен көзге түсіп, «Қызыл жұлдыз», «I дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен марапатталып, ерлігімен танымал болып жүрген командир еді».
Фашизмнің ордасы Рейхстагты алуға тек кеңес әскері барды. Жоғары қолбасшылық: «Рейхстагқа ту тігетін взводты жіберу керек», - дейді. Рейхстагқа ту тігу қазақ батыры лейтенант Рақымжанға тапсырылады. 1945 жылдың 30 сәуірінде Рақымжан Қошқарбаев шайқасқан 150-атқыштар дивизиясы Рейхстагқа шабуыл жасайды. Ол өзінің взводындағы бір топ жауынгерлермен осы тапсырманы орындады. Көздеген жерге жетіп, мүмкінсізді мүмкін етіп, от пен оқтан тайсалмай, Рейхстаг баспалдақтарының кіре беріс бағанына бірінші болып жеңіс туын тігіп, ерлік жасаған Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов еді.
Бұл туралы 1945 жылдың 3 мамырында Берлинде шыққан «Воин Родины» газетінде: «Они отличались в бою! Родина с глубоким уважением произносит имена героев. Над цитаделью гитлеризма они водрузили знамя Победы. Запомним имена храбрецов: Рахымжан Кошкарбаев, красноармеец Григорий Булатов» деп жазған еді. Ал, 1945 жылы атыс-шабыс аяқталып, Рейхстаг кеңес әскеріне өткен соң Михаил Егоров пен Мелитон Кантария 2 мамыр күні түнгі сағат 3-те мүсіндер композициясына туды орнатты. Алайда, сол КСРО басшылары әділетсіз шешім қабылдап, Қошқарбаевқа ең жоғарғы награданың орнына «Қызыл Ту» орденін береді. Арада жарты ғасыр өткен соң, Мәскеу ресми тарихи қателікті түзетіп, қазақ батырының ерлігін мойындауға мәжбүр болып, 2007 жылдың 7 мамырында ресми түрде расталады.
Қазақ батырының нағыз жеңіс туын бәрінен бұрын тіккені бүгінде әбден дәлелденді. Көрнекті кеңес жазушысы марқұм Борис Горбатов («Литературная газетаның» 18 декабрь 1948 жылғы 101-санында):
«...Біздің жауынгерлерді қыранмен, бүркітпен теңеуді қоятын кез жетті. Қазақ жігіті Қошқарбаев менің көз алдымда өз жолдастарымен Рейхстагқа ту тікті. Жанған от ішінде, ажал аузында жүріп ерлік көрсетті олар» деп жазған.
«Ерлігі – ұрпақтан ұрпаққа ұран» демекші, Рақымжан Қошқарбаевтың тарихта қалатын орны үлкен. Көкірегімізде ерекше көңіл мен мақтаныш сезімін ұялататын осы бір есімді білмейтін қазақ, осы батырдың ерлігін қайталауды армандамайтын жас ұрпақ жоқ болар, сірә?! Өйткені, Рақымжан Қошқарбаев ерлігі – еріксіз бас идіретін ерен ерлік.
Шара соңында кітапханашылар батырға арналған кітап көрмесіне шолу өткізді. Көрмеге «Ғасырға сыр» атты зерттеулер кітабы, «Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев» кітабы, мерзімді басылымдар бетінде жарияланған фото-материалдар қойылды.
Айкен ОСПАНҚҰЛОВА,
Әскери колледж қызметкері