Біз де сарбаз болғанбыз: ЕСТЕН КЕТПЕС ЕКІ ЖЫЛ

Осыдан тұп-тура 40 жыл бұрын Отан алдындағы абзал борышымды өтеп жүрген едім. Арада табаны күректей 40 жыл өтіпті.

Админ

Қазан, 1983 жылғы желтоқсан, 1985 жыл. Бүгінгі күннің биігінен көз салсам, сағынышпен еске алар керемет шағым екен ғой. Романтика. Жалындап тұрған жастық шақ. 2 жылдық мерзімді қызметті атқарып келуге асықты ғой замандастарым. Әскер қатарында болмағандар (шақырылып үлгермегендер) өзін қатарластарынан кем сезінетін. Тіпті, қыздармен киноға баруға қуыстанатын. Әскерге шақырылуымның астарында осы мәселе жатқаны да өтірік емес.

Туып-өскен жерім әскерилердің мол шоғырланған ірі гарнизоны болғандықтан әскери форма кигендерді ерте таныдым. Семей облысы, Аягөз қаласы. Ол жылдары Аягөз аудандық әскери комиссар подполковник Козурман деген бойшаң орыс еді. «Мектеп бітіргенім осы. Оқуға бармадым. Осы күзден қалмай әскерге кетуім керек» деп есін шығардым. 18 жасқа 20 қарашада толамын. Соңғы командаға іліге алмасам жарты жыл жоғалтамын. Тілеуіңді бергір Козурман азаматтық жасады. Құжаттағы туған күнімді өзгертіп берді. 11 ай рим сандарымен жазылған еді. Икс және таяқша. Военком лезвиенің ұшымен таяқшаны ақырын қырып өшіріп тастады. Нәтижесінде 11 емес, 10 ай болып шыға келді. Солай 24 қазанда әскерге аттанған 78 бозбаланың бірі болып кете бардым. Күні бүгінге дейін екі туған күнім бар. 18, 19, 20 жасымды керзі етік киіп жүріп қарсы алған едім.

Жалпы, мерзімді қызметім жеңіл, жақсы өтті деп айта аламын. Алғашқы жарты жылды «учебкада» өткіздім. Харьковтың іргесінде орналасқан Богодухов деген қалада болдым. Ескі, әдемі қала. Онжылдықты енді бітірген, орыс пен қазақтан басқа ұлт көрмеген мен үшін тылсым дүние есігін ашқандай едім. Командир болған офицерлерім де жаман болған жоқ. Шыны керек, көп дүниеге көзімді ашты. «Сен, қазақ, мақтан қыл, өзі де ұшпайтын, өзгені де ұшырмайтын әскер түрінің сапындасың» дей-тұғын. Кейінгі бір жарым жылды Қап тауының етегінде өткіздім. Қызыл Тулы Киев әскери округін Закавказье округіне алмастырдым. Армениядағы қызметім тіпті ертегідей болды. Алдынан айтып өтейін, бұл елге қызығушылығым ерекше болды. Мәдениеті, тарихы, дәстүрі, тұрмысы бәрі-бәрі мен үшін қызық еді. Тіпті, армян ауызекі тілін де үйреніп алған едім. 40 жыл өтсе де, мақтанғаным емес, армянша 10-ға дейін санай аламын. Өзімізбен салыстыратынмын. Ереванда орналасқан мұражайлардың басым көпшілігінде болдым. Тарихы тым тереңде жатқан халық.

Жалпы, Кавказға қатысты көп дүние білдім. Бір қарияның айтқаны есіме жиі түседі. Жаратушы Ием адамдарды жаратып болып, әрқайсысының өз тілі болсын деп, тең етіп бөліп беру үшін бір дорба тілді шайтанға береді екен. Шайтан Кавказ тауына келгенде шалынып құлап тілдерді шашып алады-мыс. Шашылған тілдерді қайта жинап алуға ерінеді. Содан бері бұл жерде тілі әрқилы небір ұлттар мен ұлыстар тұратын көрінеді. Әлбетте, бұл аңыз, бірақ, осындай астарлы әңгімелерді көп естідім. Дүйім жұртқа танымал Арарат тауы Арменияда емес екен. Осы тәрізді біраз деректерді біліп, таң болғаным рас. Кеңес Одағының идеологиясы неткен мықты еді. Қазір ойлап қарасам, «социализм-коммунизм», «интернационал-әлеуметтік теңдік» деп әбден зомби етіп жіберген екен ғой.

Бір көрініс күні бүгінге дейін көз алдымда. Кең плацта полк жеке құрамы сап түзеп тұр. «Ауғанстанға барып интернациналдық борышын өтегісі келетіндер бір қадам алға шықсын» дегенде, сапта тұрған 150 сарбаз бір адамдай алға қадам жасаған еді. Неткен соқырлық, неткен ақымақтық еді. Ауғанстан жерінен мырыш табыттардың үзілмей келіп жатқан кезі ғой.

Саясат дегеннен шығады, сол бір 2 жылда 2 бірдей мемлекет басшысы көз жұмды. Андропов және Черненко деген. Қоғамдағы өзгерістер жеке әңгіменің жүгіне жарар еді.

Әскери қызметім өз кезегімен жалғасып жатты. «Отбой-подъем», атыс алаңы, тактика, ЗОМП, физо, саясат сағаты, караул-наряд дегендей. «Жеке тәртібің нашар» дегені болмаса, қатардан қалмадым. Жақсы қызмет еттім. Совет Армиясының сержанты болдым. Полк командирі подполковник Зверянскии (шынымен Зверь еді), «сен қазақты мен 31 желтоқсан күні жіберемін» дегенде «әзілдегені болар» деп ойлайтынмын. Дәл солай болды. Дембель чемоданымды көтеріп, бөлімнің КПП-сынан 21 желтоқсан күні аттадым. Естен кетпес 2 жылдық мерзімді қызметім осылай аяқталған еді.

 

Запастағы подполковник Сәндібай Күмісбеков

__Последние новости

  • Басты назарда

Оқу-әдістемелік жиын

Бүгін, 10:27
Админ
  • Басты назарда

ӘСКЕРИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ НЫҒАЯ ТҮСЕДІ

Кеше, 10:21
  • Басты назарда

Білімі мен біліктілігі жарасқан

22/11/2024 - 10:35
  • Басты назарда

Жас сарбаздардың жағдайын білді

21/11/2024 - 12:54
  • Басты назарда

Адал болуға ант берді

21/11/2024 - 12:24
  • Басты назарда

Десантшылар ант қабылдады

20/11/2024 - 12:52
  • Басты назарда

Өлең жолдарын арнаймын

19/11/2024 - 12:51
  • Басты назарда

«Жас ұлан» әскери-патриоттық ойыны

19/11/2024 - 10:16
  • Басты назарда

Шымкенттегі сарбаздарың жаңа деңгейі

18/11/2024 - 12:49
  • Басты назарда

«Жас офицерлер балында» жеңіске жетті

18/11/2024 - 10:14
  • Басты назарда

Салтанатты сапқа тұрғызылды

17/11/2024 - 12:47
  • Басты назарда

Арыстың мұражайындағы ерекше бұрыш

17/11/2024 - 10:05
  • Басты назарда

Модульді казарма ашылды

16/11/2024 - 09:59