Аягөз қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінде қыркүйек айында басталған әскерге шақыру науқаны қарқынды жалғасуда.
Биыл күзде Аягөз ауданы бойынша 100-ден астам жас жігітті еліміздің Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарына жіберу жоспарланған болатын. Бүгінгі күні бұл меженің 40 проценті орындалды. Әскерге шақырылушылардың алғашқы командасы ҚР ҰҚК Шекара қызметіне іріктеліп, қыркүйек айының соңында 30-ға жуық азамат мемлекеттік шекараны күзетуге аттанып кетті.
Комиссия мамандарының айтуынша, мерзімді әскери қызметке шақыру кезінде бозбалалардың жұмыс орны, отбасылық жағдайы, денсаулығы жан-жақты зерделенеді. Мектеп, орта және жоғары оқу орындарын аяқтаған 18-27 жас аралығындағы жас жігіттердің арасында Отан алдындағы борышын өтеуге ниет білдіргендер жетерлік. «Қыркүйек, қазан айларының есебі бойынша аудан көлемінен 24 бозбала ҚР ҰҚК Шекара қызметінде борыштарын өтеуге жөнелтілді. Бұдан бөлек 52 әскерге шақырылушы ҚР Қарулы Күштерінің өзге әскерлерінің сарбаздар қатарын толтыруға барады. Бүгінде осы балалардың 20-ға жуығы өз мерзімді әскери қызметтерін бастады», - деді Аягөз қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы майор Жасұлан Қожахметов.
Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» туралы Заңына сәйкес, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде жылына екі мәрте өткізіледі. Күзгі әскерге шақыру науқаны желтоқсан айының соңында аяқталады.
Алуа Искакова