Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылында дүниеге келген Айнұр Айтқалиқызы Орынбаева – қазақ тілі мен әдебиеті және ағылшын тілінің маманы. М.Әуезов атындағы Семей университетін «Аудармашы – мемлекеттік тіл маманы» бойынша бітірген. Еліміз Қарулы Күштерінің қатарына 2005 жылы шақырылды.
Егемен ел армиясының жаңа түрін құру шеңберінде әскери қызметті жан-жақты трансформациялау және реформалау бойынша түпкілікті өзгерістер жүргізіле бастаған жылдары құжат айналымын мемлекеттік тілде жүргізу оңай болмады. Әскери терминдерді бірізділікке келтіру жолында тіл мамандарына үлкен міндет жүктелді. Сол уақыттағы қиындықтарға қарамастан тіл маманы жаңа ортаның жауапкершілігін сезіне жүріп, әскери істі зерделеуге бар күш-жігерін жұмсады. Іс жүргізудің мемлекеттік тілде сауатты жүргізілуін, бұйрықтардың мемлекеттік тілде сапалы шығарылуын, сапқа тұрғызулар, баяндау, кезекшілік тапсырулардың мемлекеттік тілде болуын қадағалады. Қызметіне адал, тиянақты, сауатты болып, кәсіптік шеберлікті жақсы меңгерді.
Айнұр Айтқалиқызы барлық отандастарымыз үшін маңызы зор оқиға – ҚР Қарулы Күштерінің жауынгерлік парадына, оның ішінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери парадқа үш мәрте және Семей қаласында өткен парадқа да қатысқан. «Нағыз патриоттық рух пен қазақ елінің қаһармандығын күллі әлемге мәлім ететін шараға қатысқаным, салтанатты түрде саппен жүріп өту мен үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш болды» деп еске алады сол жылдарды. Ол 2016 жылы ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері Бас қолбасшысы арнайы комиссиясының Семей гарнизоны 28738 әскери бөлімінде жүргізген жауынгерлік әзірлігінің тексерісінен барлық сынақ пәндерден үздік шығып, мерзімінен бұрын «тәлімгер – шебер» сыныптық біліктілігін алды. Бүгінгі күні «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы Басқармасы штабының ұйымдастыру-жұмылдыру басқармасының офицері лейтенат Айнұр Орынбаева бірнеше мәрте мерейтойлық медальдармен де марапатталған.
Қалай десек те, өрісті перзент өнегелі отбасынан шығады. Айнұрдың үлкен апайы Шалқар ҚР ІІМ автокөліктік қызмет көрсету мекемесінің инспектор-аудармашысы лауазымында болса, үлкен ағасы Айдын Қарулы Күштерде 20 жылға жуық қызмет етті. Екінші ағасы Айқын азаматтық парызын Президенттік полкте орындады. Салтанат әпкесі – ұстаз, Асқар інісі туған өлкесінде медицина саласында еңбек етеді. Үш ұл, үш қызды дүниеге әкелген Айтқали ақсақал – тағдырдың талай тауқыметін тартқан адам. Алты жасында әкесінен айырылса да, қиындыққа қасқайып қарсы тұрып, барлық ауыртпашылықты мойымай көтерді. 1968-1970 жылдар аралығында Сахалинде жаяу әскерде азаматтық борышын өтеп, туған жері – Ерназар ауылына оралды. Бригадир-механик болды. Зейнетке шыққанға дейін күні-түні тынбай тер төкті. Адал еңбекке талмай ынталанғаны үшін сыйға жеңіл автокөлік алғаны да бар. Шын ынтамен тындырылған жұмыс қана зор нәтиже беретіні рас. Айтқали ақсақалдың суреті осы күнге дейін аудандық құрмет тақтасында ілініп тұр. Ал, анасы Қайныкеш білім саласында 40 жылдан астам жұмыс жасады. ҚР Құрмет грамотасымен марапатталған алғашқы жоғары санаттағы ұстаз. Береке-бірлігімен әрі еңбекқорлығымен тұлғаланып тұрған әулетте немере де, шөбере де өсіп келеді.