Елдің қорғаны – жас ұрпақ

Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, Армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовты еске алуға арналып Абай облысында  әскери-қолданбалы спорт түрлерінен облыстық турнир болды.  

Админ

Ол Жаңасемей ауданына қарасты Шүлбі кентінің «Ұлан» патриоттық орталығында Абай облысы білім басқармасының дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың облыстық ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығының, дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас ұлан» ерлер мектеп-лицейі интернатының, Шүлбі кенті әкімшілігінің Ә.Бөкейхан университеті әскери кафедрасының ұйымдастыруымен өтті. Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Дарын» орталығының директоры Светлана Оспанова, Шүлбі кентінің әкімі Арай Қалиева, Шүльбі кентінің құрметті азаматы Бекенбай Аққалақов, ҚР Қарулы Күштерінің ардагері Ержан Сүлейменов, Ауған соғысының және ҚР Қарулы Күштерінің  ардагері, Ә.Бөкейхан университетінің әскери кафедра бастығының орынбасары Айдар Манасов, Ауған соғысының ардагерлері Манарбек Ахметов пен Талғат Әбділманов және Шүльбі кентінің бас маманы Коктай Антюра жас патриоттарға сәттілік тіледі.

   Жарысқа қатысушылар алғашқы әскери дайындық пәнінен алған білімдері мен әскери-спорттық шеберліктерін сынады. Командалар құрамы саптық, атыс, тактикалық, азаматтық қорғаныс дайындықтарынан деңгейлерін байқатты. Сондай-ақ, кермеге күшпен шығу, сырықтағы жаттығулар, кеудені жерден көтеру, секіртпемен секіру, шалқалап жатып денені көтеру секілді әскери-спорттық сайыстарда да күштерін көрсетті.  

   «Сағадат Нұрмағамбетов 18 жасында соғысқа аттанды. Польша жерінде жаудың қорғанысын бұзып өту кезінде жауынгерлік тапсырманы ержүректілікпен орындап, ерлік көрсеткені үшін 21 жасында Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Мемлекет аумағын құрлықта, теңізде, әуе кеңістігінде қорғайтын Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылған 1992 жылдың 7 мамырында тұңғыш Қорғаныс министрі болды. Қарулы Күштеріміздің іргетасын қалауға бар күш-жігерін жұмсаған, ел үшін қиын-қыстау кезеңде әскерді басқара отырып, оның қалыптасуы мен дамуына баға жетпес үлес қосқан қаһарманмен мақтанамыз. Президентіміз айтқандай, адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Бүгінгі әскери-патриоттық шараның мұрат-мақсаты да сол, Отанды қорғау жолында антына адал болған жауынгерлерді еске ала отырып, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта өз елінің қорғаны болуға тәрбиелеу», - деді «Дарын» орталығының әскери бағытты дамыту бөлімінің басшысы Болат Құрманов.

   Екі күндік турнирдің нәтижесінде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әскери-патриоттық әндерді сахналаған «Ерлікке жүрегіңмен жақында» сайыс-байқауында Ақсуат, Көкпекті, Мақаншы аудандарының командалары үздік шықты. Әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша белтемірге тартылудан жекелей Ислам Аманбаев, Темірлан Кубылтаев, Мұхамедәли  Тәңірбергенов топты жарды. Алла Галузова мен Айзере Жетібай шалқалап жатып денені көтеруден де, пневматикалық мылтықтан атудан да жақсы нәтиже көрсетті. Ф-1 гранатасын лақтырудан ұлдар арасында Ерасыл  Маракупов, Қуаныш Жеңіс, Ұларбек Жанарбек, қыздар арасында Жарма ауданынан келген Шұғыла Жұмағазы жеңіске жетті. АК-74 автоматын толық бөлшектеу және жинақтаудан ұлдар арасында Абзал Астай, Мұхамедәли  Тәңірбергенов, Искандер Советханов, ал қыздар арасында үздік үштіктегі Айзере Жетібай, Құралай Кумарова және Шұғыла Жұмағазы алдарына жан салмады. Әскерилендірілген эстафетада Семей қаласының, Ақсуат және Жарма ауданының командалары мықты шықты. Искандер Советханов, Ералы  Қайров, Ұларбек Жанарбек секілді желаяқтар 1500 метр қашықтықты оңай еңсерді. Турнирдің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте үздік көрсеткіш көрсеткен Семей қаласының командасы жеңіске жетті. Екінші орынды Ақсуат ауданының ұл-қыздары ұтса, соңғысы Жарма ауданына бұйырды. Жеке жеңімпаздар да, жүлдегер командалар да дипломдармен, бағалы сыйлықтармен, кубоктармен және медальдармен марапатталды.

   Өз қаласы мен аудандарының намысын қорғау үшін келген ұл-қыздар  турнирдің жақсы деңгейде ұйымдастырылғанын әрі оқушылардың жүріп-тұруы, жатын орны мен тамақтануы барлық жағынан қамтамасыз етілгенін жеткізді. Олардың айтуынша, денені шынықтырып, ойлау қабілетінің дамуына оң әсерін тигізетін, болашақ Отан қорғаушылардың рухын жігерлендіретін мұндай әскери-спорттық патриоттық жарыстардың жиі ұйымдастырылғаны абзал. Ол өз кезегінде әскери-патриоттық жұмыстардың одан әрі дамуына серпін береді.

   Бүгінгі күні Абай облысында әскери-патриоттық клубтардың 7 мыңнан астам мүшесі бар. Мұндай көрсеткіш бұйрықпен қалыптасқан сандар емес, керісінше Абай өңірі жастарының нағыз патриоттар екенін дәлелдейді. Абай облысының жастары өте белсенді. Халықаралық, республикалық дәрежедегі көптеген жиындардың бірнеше дүркін жеңімпазы атануы – әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарының өте жоғары деңгейде ұйымдастырылуының нәтижесі. Отаншыл оқушылардың басын қосқан осы секілді облыстық әскери-спорттық «Ел қорғаны» олимпиадасы алдағы жылдары Абай ауданына қарасты ауылдарда да жалғасатын болады. Мәселен, Абай ауданында 11 орта мектептегі әскери-патриоттық 10 клубта 150-ден астам бала тәрбиеленуде.

   Айта кетейік, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, Армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовты еске алуға арналған әскери-қолданбалы спорт түрлерінен облыстық турнир жастар арасында әскери-патриоттық жұмыстарды жетілдіру, болашақ Отан қорғаушыларды даярлау, салауатты өмір салтын насихаттап, әскери-қолданбалы спорт түрлерін жан-жақты дамыту мақсатында жүзеге асты.

 

Алуа ИСКАКОВА

Суреттерді түсірген автор

 

 

__Последние новости

  • Басты назарда

Жас сарбаздардың жағдайын білді

Кеше, 12:54
Админ
  • Басты назарда

Десантшылар ант қабылдады

20/11/2024 - 12:52
  • Басты назарда

Өлең жолдарын арнаймын

19/11/2024 - 12:51
  • Басты назарда

«Жас ұлан» әскери-патриоттық ойыны

19/11/2024 - 10:16
  • Басты назарда

Шымкенттегі сарбаздарың жаңа деңгейі

18/11/2024 - 12:49
  • Басты назарда

«Жас офицерлер балында» жеңіске жетті

18/11/2024 - 10:14
  • Басты назарда

Салтанатты сапқа тұрғызылды

17/11/2024 - 12:47
  • Басты назарда

Арыстың мұражайындағы ерекше бұрыш

17/11/2024 - 10:05
  • Басты назарда

Модульді казарма ашылды

16/11/2024 - 09:59
  • Басты назарда

44841 әскери бөліміндегі Ашық есік күні

15/11/2024 - 14:28
  • Басты назарда

ЕСТЕН КЕТПЕС КЕЗДЕСУ

15/11/2024 - 13:39
  • Басты назарда

Қабілетіне қанат бітірген азамат

14/11/2024 - 14:22