«Мұндай қауіпті сапарға шықпас бұрын әбден ойлану керек»: Америкаға Мексика арқылы барған қазақтың оқиғасы

ТМД-дан Америкаға Мексика арқылы жету үшін 2 айға жуық уақыты мен 11 мың доллардай ақшасы кетіпті

Нұрдәулет Кәкіш

ТМД-дан мыңдаған азамат Америкаға арман қуып, Мексика арқылы барады. Бірақ бұл – машақаты көп әрі зор тәуекелді қажет ететін жол. АҚШ-қа Қазақстаннан Мексика арқылы барған қазақ азаматы басынан кешкен оқиғасымен бөлісті. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі KazUnite халықаралық порталына сілтеме жасап хабарлайды.

«Америкаға бару – талайдың арманы ғой. Мен де жақсы өмірге ұмтылу үшін Америкаға барсам, білім алып, жұмыс істесем деп армандадым. Бұл елге виза алудың қиындығын білгендіктен, визаға тапсырмай, не де болса тәуекел етіп, Мексика арқылы барайын деп бекіндім. Тәуекелге бел будым. Әлеуметтік желілерде АҚШ-қа Мексика арқылы барып жатқан талай адамның видеосын көріп, жазғандарын оқығанмын. Әсіресе, 2022 жылдың күзінде Америкаға отбасымен бірге Мексика арқылы барып, сол елден саяси баспана сұрап отырған Таня есімді қырғызстандық қыздың YouTube-тағы видеосын көргенде мен «жұрт Америкаға екі-үш баласымен Мексика арқылы барып жатқанда, маған аса қиынға соға қоймас» деп ойладым. Бірақ қателесіппін», - дейді ол.

«Елден Бразилияға жеткенімше, жолыма 45 сағат кетті...»

Сөз арасында ол АҚШ-қа Мексика арқылы баратындарға арнайы делдалдық жасайтын, жол көрсетіп беретін туристік агенттіктердің болатынын білмегенін айтады.

«Әр елде сондай агенттіктердің өкілдері немесе құпия түрде жұмыс істейтін адамдар барынан бейхабар едім. Тіпті хабарым болса да, олар орта есеппен бір адамды немесе отбасын Мексика арқылы АҚШ-қа жеткізудің жолын көрсетіп, картасын жасап бергені үшін ғана 10 000 доллар алады екен. Одан бөлек жол шығыны тағы бар. Оны менің қалтам көтермес те еді. Сонымен өзім интернеттен әртүрлі ақпаратты қарай отырып, алдымен Бразилияға бір жетейін деп шештім.

Сөйтіп, Бразилияның Сан-Паулу қаласына дейін билет алдым. Жолай Дохада ұшаққа ауысып отырдым. Елден Бразилияға жеткенімше, жолыма 45 сағат кетті. Сапарым басталғанда біздің елде әлі қыс еді. Күн суық, желтоқсан айы болатын. Бразилияның Сан-Паулу қаласының әуежайынан түскен кезімде ыстық леп бұрқ ете қалды. Шынымды айтсам, жол бойы алдында не күтіп тұрғаны, сапары қайда апарып соғатыны белгісіз жолаушы үшін оның өзі жағымсыз әсер етті. Бразилияда бәрі португал тілінде сөйлейді. Тіл білмегенімнен қатты қиналдым. Бірақ соған қарамастан, арзандау қонақ үйден орын алып, дүкеннен бірдеңе сатып алып жеп, жүрек жалғап, енді әрі қарай шығып кетер жол іздедім», - дейді қазақстандық.

Оның сөзінше, визасыз бұл елден екінші жаққа шығу оңайға соқпаған. Жол іздеп, бір штаттан екінші штатқа баруға тура келіпті. Осылайша, әр қаласын кезе жүріп, Бразилияда 19 күн өткізіпті.

«Тіл білмеймін, тамағы да бөлек ел, бір ұшақтан екінші ұшаққа отырып, «қалай да Рио-де-Жанейроға жетсем екен» деп жол іздеумен болдым. Одан әрі Коста-Рикаға, Коста-Рикадан Кандоросқа, одан Владималаға, одан кейін Мексикаға өтуім керек болатын. Өзімше интернетті ақтарып, ізденіп ойластырған маршрутым осы болды. Бұл жерлерді неге таңдады десеңіз, осы тізімдегі елдер негізінен бізді визасыз қабылдай береді екен. Бразилияға, Коста-Рикаға визаның қажеті жоқ. Мұндағы тек Кандорос пен Владималаға ғана тура бара алмайсың. Ол елдер виза түгілі, паспортың болса да, тікелей барсаң кіргізбейді. Мұның бәрін анықтап, қиындық тудырады-ау деген тұстарды түртіп алдым. Бразилиядан Мексикаға жеткінімше тағы он күн өтті. Сонымен жолға шыққаныма бір айдан асты», - дейді жолаушы.

«Кішкентай қайыққа 25 адамдай отырдық...»

Әрі қарай Коста-Рикаға жеткен күннен бастап ұшақ жоқ, көлікпен жүру қажет болғанын баяндайды. Әлеуметтік желілерден жол-жөнекей өзі сияқты ТМД-дан шығып, Америкаға жол тартқан адамдарды іздестіреді. Ресейден шыққандарды ақыры Коста-Рикада кезіктіріп, «әрі қарай бірге жүрейік, не көрсек те бірге көрейік» деп қол алысыпты сапарластар.

«Тапачуладан Тынық мұхиты арқылы Сан-Педроға қайықпен 11 сағатта жеттік. Кішкентай қайыққа адамдарды сыйғанынша отырғызды. Біз 25 адамдай отырдық. Жалпы, басқа да қайықтар ағылып жатады. Дегенмен қайықтар көбіне түнде жүріп, күндіз сирек қатынайды. Кейде түнде жел соғады. Сондай кезде Тынық мұхитының толқыны тұла бойыңды толқытады. Қорқынышты әрі қауіпті сәттер де болмады емес, болды.

Бірде жанармай бекетіне тоқтап тұрғанбыз. Мен қайықтың бас жағында отырдым. Бір кезде ортаңғы жақта отырған қырғыз әйелдің шыңғырған қатты даусы естілді. Жұбайымен, баласымен кетіп бара жатқан-ды. «Не болды екен?» деп бәріміз сол жаққа қарай елеңдеп, мойын бұрдық. Ол шошығаннан дауыстап айта алмай, бір жақты қолымен нұсқап көрсетті. Қарасақ, бізге қарай қатты жылдамдықпен бір қайық ұшып келеді. Кеме келе жатқандай қатты қорқынышты көрінді. Бойымызды үрей биледі. Абырой болғанда біздің қайықтың бір моторы дүрілдеп тұрған екен, сәл алдыға қарай жылжып үлгерді қайта. Әлгі қайық артқы жағымыздан 50 сантиметрдей ғана қашықтықтан зу етіп өте шықты. Егер зуылдап келе жатқан кемені әлгі әйел көрмегенде не болатынымызды тіпті елестете де алмаймын. Бізге келіп соғылса, қайығымызды ортасынан бөліп, шашып кетер ме еді? Бәріміз бір шу етіп, тәубемізге түстік», - дейді қазақстандық азамат.

Сан-Педро қаласына жеткен соң сол жерде талонға кезекке тұрады. Жан-жақтан әртүрлі көп ұлт өкілдері жиналған. Африкадан, Гаитидан келгендер де бар екен. Оларға алыстан келді деп сәл құрметпен қарайтын көрінеді. 8 күн кезекте тұрған ТМД азаматтары тоғызыншы күні Мехико Ситиге жолға шыққан. Ол жерден әрі қарай Рейносаға барады. Онда да кезекті біраз күтуге тура келген. Рейноса Техас штатымен шекараласатындықтан, сол жерден Америкаға заңды түрде өтпек болады. Оған кезек баяу жылжиды.

«ТМД елдерінен арамызда орыс ұлтының өкілдері көп болды. Біздің арамыздан Америкаға екі күнде 4 адам ғана аттанып жатты. Мүмкін алдымыздан кезексіз өтіп кетіп жатқандар да болды ма екен, кім білсін?! 10 күн күттік. Содан 3-4 жігіт ақылдасып, Мехико Ситиге қайтадан қайттық. Айтпақшы Рейносаға барар жолда да біраз қиындыққа тап болғанбыз. Есірткі кантробандасына қарсы сақшыларға ұсталдық. Олар бізді, заттарымызды, құжаттарымызды – бәрін мұқият тексерді. Қазақстанның паспортын көріп, таңқалды. Айтуларынша, біздің елдің паспортын алғаш рет көрген-мыс. Бізге «кері қайтыңдар» деді. Неге десек, біздің рұқсатнама қағазымызбен тек бір штатта ғана жүруге мүмкін екен. «Бұл жерде визасыз жүре алмайсыңдар» деді. Шыны керек, 50 мың доллар сұрады. Бізде ондай ақша жоқ, «қайдан табамыз?» деп қысылдық. Ақыры қалтамызда барын ұсындық. Олар біздің жол көрсетіп бара жатқан адамымызды алып кетті. Мехико Ситиге алғаш барғанда Америкаға өткізетін кісі іздеген едік. Тапқан кісіміз адам басына 500 доллардан алған. Бірақ ол бізге ешқандай уәде бермеген. Одан бөлек 6-7 мың доллар сұрағандар да болды», - дейді кейіпкеріміз.

Жалпы, жолда тексерген кедендік бақылаушылар тарапынан жолаушыларды кері қайтарған сәттер болмапты. Бірақ кейбір жолаушыны келген штатына 2-3 рет кері қайтырған көрінеді. Олардың көбісі шыдамай, өз еліне қайтып кетіпті.

«Жолдың ауыр-жеңіл болуы «нақты осылай» деп тап басып айта алмайсың, әркімге әрқалай. Тек шыдағандар ғана жолын әрі қарай жалғастырады. Еліне қайтудың бір себебі қаржылық қиындыққа тірелуі мүмкін. Өйткені жағдайы жақсы адамдар Америкаға тек визамен баратыны белгілі. Жағдайы жақсы болса, оларға бұлай дала-қаланы кезудің не қажеті бар еді?! Кейбір жолаушы діттеген жеріне жете алмай, орта жолда, бөтен елде қайтыс болған жағдай да болды. Мысалы, әлемдегі алып мұхиттың толқыны қатты болған кезде қайықтан құлап, Тынық мұхитына батып кеткендер туралы да құлағымыз шалды. Сондықтан мұндай қауіпті сапарға шықпас бұрын әбден ойлану керек», - дейді тәжірибесімен бөліскен қазақстандық.

Жолда қарақшыларға да тап болыпты

Содан Мехико Ситиден Тихуана қаласына автобуспен шығады. Жолда автобусты кедендік бақылау сақшылары 7 рет тоқтатып, тексеріпті. Кейде қарақшылар да тоқтатқан кездер болыпты.

«Пагоны жоқ болғандықтан, оларды бірден байқайсың. Олар тексергенде ақшаны неғұрлым көрінбейтіндей етіп, барынша жасыруға тырысасың. Менің ақшамды сәл болмағанда байқап қоя жаздады. Мен ақшаны үнемі қолға ұстап жүрдім. Тексеріс кезінде бір қолымнан ақшаны екінші қолыма байқатпай, тез ауыстырып отырдым. Әр тоқтатқан сайын кейбір адамды келген штатына кері қайтарып жатты. Тихуананың ішімен жүріп, әрі қарай тас жолмен АҚШ-қа жеттік. Мексика мен Американың шекарасындағы биік қақпадан өрмелеп, АҚШ-тың аймағына секіріп түстік. Арамызда, әсіресе, қытайлықтар көп болды. Жалпы, АҚШ-қа заңсыз жолмен келетін қытайлықтар саны өте көп. Мексикадан қатарымызға мексикалықтар да қосылды. Американың шекарашылары бізді бірден ұстап, тексерді.

АҚШ-та әр қалада осы елде уақытша немесе тұрақтап тұруға иммигрант болып келгендерді қабылдап, оларға қызмет көрсететін Welcom Family Center деген орталық болады. Бізді сондай орталыққа апарды. Ер адамдарды бөлек, әйел адамдарды бөлек орналастырды. Ол жерде адамдар өте көп. Әр жақтан келген әртүрлі ұлт өкілдері орталыққа лық толды. ТМД-дан да аз адам келмепті. Қазақстаннан 4 жігіт болдық. Жататын орын болмай, түрегеліп тұрған кезіміз де болды. Кейбіреудің қасына жақындасаң, бөтен елдің адамдары ренжігендей түр танытады. Қырғыздың жігіттерін шығарған кезде олар бізге құрмет көрсетіп, өз орындарын ұсынып кетті. Оларға көп рақмет. Бұл жерде 2 күн жаттық. 7-8 күн жатқандар да болыпты. Одан кейін қонақ үйге жіберді. Коронавирус бар-жоғын нақтылау үшін ПТР тест тапсыруды міндеттеді. Мен жолға шықпай тұрып, елде жүргенде вакцина алған болатынмын. Сол жерден шыққан соң басқа қонақ үйге аялдадық. Одан кейін әркім өз жолымызбен басқа штаттарға аттандық», - дейді Қазақстаннан АҚШ-қа Мексика арқылы өткен қазақ.

Оның сөзінше, бұл сапардағы ең қиын жері Бразилия болыпты. Себебі ол жақта жалғыз жүрген әрі тіл білмеген. Бразилияның Мексикаға қарағанда қауіптірек болғанын айтады.

«Бірде Бразилияның бір қаласынан екінші қаласына жетіп, көшеде келе жатқанымда кешкісін 3 жігіт маңдайыма қару кезеніп, қонақ үйдің алдында тонап кетті. Ақшамды, телефонымды тартып алды. Тілдерін мүлде түсіне алмадым. Португал тілінен басқа тілде сөйледі. Жалпы, ТМД-дан Америкаға Мексика арқылы жету үшін 2 айға жуық уақыт, 11 мың доллардай (тоналған шығынды қосқанда) ақша кетті», - деп түйіндеді қандасымыз.

__Последние новости

  • Басты назарда

Жас сарбаздардың жағдайын білді

Кеше, 12:54
Админ
  • Басты назарда

Десантшылар ант қабылдады

20/11/2024 - 12:52
  • Басты назарда

Өлең жолдарын арнаймын

19/11/2024 - 12:51
  • Басты назарда

«Жас ұлан» әскери-патриоттық ойыны

19/11/2024 - 10:16
  • Басты назарда

Шымкенттегі сарбаздарың жаңа деңгейі

18/11/2024 - 12:49
  • Басты назарда

«Жас офицерлер балында» жеңіске жетті

18/11/2024 - 10:14
  • Басты назарда

Салтанатты сапқа тұрғызылды

17/11/2024 - 12:47
  • Басты назарда

Арыстың мұражайындағы ерекше бұрыш

17/11/2024 - 10:05
  • Басты назарда

Модульді казарма ашылды

16/11/2024 - 09:59
  • Басты назарда

44841 әскери бөліміндегі Ашық есік күні

15/11/2024 - 14:28
  • Басты назарда

ЕСТЕН КЕТПЕС КЕЗДЕСУ

15/11/2024 - 13:39
  • Басты назарда

Қабілетіне қанат бітірген азамат

14/11/2024 - 14:22