Ардагерлерге 1,5 миллион теңгеден кем емес біржолғы материалдық көмек көрсетілді
Жеңіс күні соғысқа қатысқан 1 миллион 200 мың қазақстандықты, олардың табандылығы мен қаһармандығын, сондай-ақ тылда еңбек еткендердің еңбектегі ерен ерлігін еске алу болып саналады, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Қазақстандықтар 20-дан астам атқыштар дивизиялары мен басқа да құрамаларда шайқасты. Әскери қызметі үшін жүздеген мың қазақстандықтар медальдармен және ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды. 4 қазақстандық екі рет Батыр атанып, 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.
Жауынгер батырлардың есімдері халық жадында мәңгі сақталады. Бүгінде әрбір қазақ азаматы М.Мәметованың, Ә.Молдағұлованың, Х.Доспанованың, Р.Қошқарбаевтың, М.Ғабдуллинның, Қ.Қайсеновтың, Б.Момышұлының, Т.Бигелдиновтың, Л.Беданың, И.Павловтың, С. Луганскийдың және т.б. ерлігін еске алып, тағзым етеді.
Мемлекет басшысының бастамасымен құрылып, биыл алғаш рет табыс етілген 1-дәрежелі Сағадат Нұрмағамбетов, 2-дәрежелі Бауыржан Момышұлы және 3-дәрежелі Рақымжан Қошқарбаев атындағы «Айбын» ордендері қазақстандық ерлік пен патриотизмінің нышаны болды.
Биылғы жылы Жеңіс күнін 148 ардагер мен Жеңіске үлес қосқан тыл еңбеккерлері, ақталған азаматтар және т.б. 50 012 азамат атап өтеді.
Еліміздің барлық өңірлерінде Жеңістің 79 жылдығын мерекелеуге орай ардагерлерімізге 1,5 миллион теңгеден кем емес біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Бірқатар өңірлерде жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктері мен мәслихаттардың шешімдері негізінде төлемдердің көлемі ұлғайған. Жалпы, жергілікті атқарушы органдар төлемдер үшін 50,1 мың адамға 3 млрд. теңге көздеген.
Айта кететін маңызды жәйт, дәстүрлі түрде Қазақстанда ардагерлерге төленетін төлем мөлшері басқа елдермен салыстырғанда бірнеше есе жоғары.
Мысалы, биыл Қазақстандағы Жеңіс күніне біржолғы төлемнің мөлшері 3833 доллар. Тәжікстанда соғыс ардагерлеріне берілетін төлеақы көлемі 2300 доллар болса, Өзбекстанда – 1570, Беларусьте – 1227, Әзірбайжанда 1176 – Қырғызстанда – 1130, Грузияда – 750, Молдовада – 565, Ресейде – 107 доллар.
Бұл ретте, Қазақстанда зейнетақы мен басқа да әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын артып келеді. Басқа да әлеуметтік төлемдерге қарамастан азаматтардың 19 санатына (соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ақталған азаматтар және т.б.) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.