30 жылдан астам уақыт ішінде бізде қазіргі заманғы, жауынгерлік қабілет жоғары, әрі күшті армия қалыптасты
Мемлекеттік мереке 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Республикасы Қарулы күштерін құру туралы Президент Жарлығы қабылданған тарихи оқиғамен байланысты, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
30 жылдан астам уақыт ішінде бізде қазіргі заманғы, жауынгерлік қабілет жоғары, әрі күшті армия қалыптасты. Оның негізін Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері құрайды. Еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Арнайы операциялар күштері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімшелері де маңызды рөл атқарады.
Табандылық пен ерік-жігерінің арқасында Қарулы күштердің әскери қызметшілері мамандықтың қыр-сырын меңгеріп, өз ісінің нағыз шебері бола алды.
Бұған халықаралық және республикалық дәрежедегі оқу-жаттығулар, беделді кәсіби және спорттық жарыстардағы жауынгерлеріміздің жеңістері дәлел бола алады. Қазақстандық бітімгерлердің БҰҰ миссияларына қатысу географиясын кеңейтуі құзыреттерді дамытуға және жауынгерлік тәжірибе алуға ықпал етеді. Биыл құрамында 139 әскери қызметші бар рота Голан жоталарындағы миссияларды өз бетінше орындауға кірісті. Бұл Қазақстанның және оның Қарулы күштерінің халықаралық аренадағы беделінің артқанын көрсетеді.
Әскери қызметшілердің күнделікті жанқиярлық еңбегі елдің қорғаныс қабілетін, әскерлердің жауынгерлік қабілеті мен дайындығын нығайтуға бағытталған. Кез келген сәтте олар елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға, халыққа көмек қолын созуға және қажет болған жағдайда тәуекелге баруға дайын.
Оған Қостанай, Абай облыстарында орын алған табиғи өрт пен елдің бірнеше аймағын әбігерге түсірген алапат су тасқыны кезіндегі әрекеті дәлел. Су тасқыны кезінде Қарулы күштердің әскери қызметшілері 3500-ге жуық адамды эвакуациялады. 235 тоннадан астам жүк тасымалдады. 2,5 млн-нан астам құм салынған қапшық төседі.
Бұл күндері барлық гарнизондарда аға буынның жауынгерлік дәстүрін лайықты жалғастырып келе жатқан әскери қызметшілерге құрмет көрсетілуде. Отан қорғаушы күні – ерлік пен даңқтың және Отанға жанқиярлықпен қызмет етудің символы.