Жүзден астам әскери қызметші Алматыдағы Есентай өзенінің арнасын тереңдетуге арналған практикалық сабақтарға кірісіп кетті
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері «Көктем-2024» республикалық оқу-жаттығуына қатысуда, деп хабарлайды Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында Алматы қаласындағы Десанттық-шабуылдау құрамасының бөлімшесі Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығымен су тасқыны кезіндегі төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдарға тартылды.
Жүзден астам әскери қызметші Алматыдағы Есентай өзенінің арнасын тереңдетуге арналған практикалық сабақтарға кірісіп кетті.
Ұзындығы бір шақырымнан асатын учаскелерді мұз бен қоқыстан тазартуға 200-ден астам адам мен 40 инженерлік техника тартылған.
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімшелерінен бөлек оқу-жаттығуға 15 республикалық азаматтық қорғау қызметінен жедел топтар, жергілікті атқарушы органдар, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрліктерінің, Ұлттық ұланның бөлімшелері, волонтерлік және үкіметтік емес ұйымдар қатысуда. Іс-шараға барлығы 600 адам мен 120-ға жуық техника жұмылдырылған.
Тазарту жұмыстары қаланың 8 ауданында жүргізілуде. Оқу-жаттығу шеңберінде өзен арналары мен суағар жүйелері тұнбадан, тұрмыстық қалдықтардан, бұтақтар мен жабайы өсімдіктерден тазартылды.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін көктем кезіндегі төтенше жағдайды жоюға дайындау, су тасқыны қаупі жағдайында халықты және ел аумағын қорғауды ұйымдастыру бойынша басқарушылық шешімдерді пысықтау.
Су тасқынына қарсы іс-шараларға Алматы десанттық-шабуылдау құрамасының жүзден астам әскери қызметшісі мен бес әскери техникасы жұмылдырылды. Күректермен, мұзойғыштармен қаруланған олар өзендегі мұзды жарып, қоқыстардан тазартады. Бұл бірден-бір қажетті шара. Күннің күрт жылынуы қардың тез еруі мен су басуға әкеледі. Бітелген инженерлік жүйелер қауіп тудырады. Сондықтан көктемгі су тасқынының алдында ең қауіпті учаскелерді тазалау қажет, – деді 61993 әскери бөлімі командирінің орынбасары подполковник Жалын Құрмашев.
Жедел және үйлесімді іс-қимылдар оқу-жаттығуға тартылған бөлімшелердің көктем кезіндегі төтенше жағдайларды жоюға дайын екендігін көрсетті.