Вашингтонда Смитсон фальклорлық фестивалі аясында халықаралық көрме өтіп жатыр
Капитолий мен Вашингтон мемориалының қақ ортасында, АҚШ астанасының төрінде қазақтың қолөнершілері жұрт назарын өзіне аударды. Онда қазақ қолөнершілерінің жұмысы кеңінен таныстырылды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
6-9 шілде күндері қазақ қолөнершілері америкалықтар мен әлемнің 100-ден аса елінен барған туристерге шеберлік сабақ ұйымдастырып, өздері жасаған бұйымдарын көрсетті.
«Қателеспесем, бұл жерде Орта Азиядан тек Қазақстанның ғана экспозициясы тұр. Сондықтан ғаламдық ауқымда мәдени салада да бәсекелестік бар деуге болады», - деді Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі Ержан Ашықбаев «Хабар 24» тілшісіне.
Смитсон халықтық фестиваліне 800 шебер барды. Олар киіз басу, кесте тігу, тоқыма, ағаш өңдеу, музыкалық аспаптар жасау сияқты көнеден келе жатқан ұлттық бай мұраны таныстырды.
«Фестивальдің екінші күнінде-ақ біздің жанкүйерлеріміз пайда болды. Күні бойы уақытын бізбен бірге өткізген олар тағы да бірдеңе үйренуге ниетті екендерін білдіріп, екінші қайтара келіп жатыр. Қолөнершілеріміздің жасаған бұйымдарына қызығушылық өте жоғары», - деді Қазақстан қолөнершілері одағының төрайымы Айжан Бекқұлова тілшілерге берген сұхбатында.
Көнеден келе жатқан ырым аластауды да америкалықтар мен шетелдік туристер таңдана тамашалады. Киіз басу өнеріне куә болған олар өздері де арнайы инемен жүн талшықтарын нығыздап көрді.
Мұндайды алғаш рет көріп тұрғанын айтқан Вашингтон тұрғыны Земи керемет әсерге бөленгенін жеткізіп, жұқа жүннен осындай киіз шығады деп ойламағанын тілге тиек етті.
Жыл сайын өтетін мәдени іс-шараға АҚШ-тың 50 штатынан бөлек, әлемнің 100-ден аса елінен туристер барады.