Израильдің Қорғаныс министрі Йоав Галант соғыс аяқталғаннан кейін Газа секторын басқару жоспарын ұсынды
Министрдің жоспарына сәйкес, ХАМАС Газа аумағын басқара алмайды, деп хабарлайды Sarbaz.kz BBC сайтына сілтеме жасап.
Құжаттың жұмыс атауы - «Төрт бұрыш жоспары». Ол 4 негізгі ережені жүзеге асыруды көздейді:
Біріншіден, Израиль Газа аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты болады. Екіншіден, Израильдің жаппай әуе шабуылдарынан қатты қираған Газа секторы Израиль мен халықаралық серіктестердің бірлескен күшімен қалпына келтіріледі. Үшіншіден, Газа секторында Египетке ерекше рөл беріледі. Яғни бұл ел Израильмен бірге Газа шекарасындағы негізгі бақылау бекетінің жұмысына жауапты болуы керек. Төртіншіден, Газада қазіргі әкімшілік құрылымдарының қызметі сақталады. Алайда оларда жұмыс істейтін шенеуніктер ХАМАС-пен байланысы болмауы қажет.Газада палестиналықтар тұрады, сондықтан аймақты басқару үшін жауапкершілік Палестина органдарына жүктеледі. Бірақ ол үшін олар Израиль мемлекетіне қатысты зорлық-зомбылық пен қауіп-қатерден толық бас тартуы қажет, - деді Галант.
Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Қорғаныс министрінің ұсынысына әлі түсініктеме берген жоқ.
Газа секторының болашағы Израиль саясаткерлері мен қоғамын бөліп тұрған өте өткір мәселе.
Өте оңшыл саясаткерлер мен кейбір қарапайым израильдіктер соғыс аяқталғаннан кейін Газа секторында тұратын палестиналықтарды өздері таңдаған елдерге қоныс аударуға және сектор аумағында қайтадан еврей қоныстарын салуға шақыру керек дейді.
Оңшылдардың ұсынысын Израильдің өзінде де, одан тыс жерлерде де көптеген адам қолдамай отыр. Таяу Шығыстың басқа елдері мен Израильдің кейбір батыс одақтастары оны экстремистік және мүмкін емес деп санайды.
Айта кетейік, 2005 жылы Израильдің сол кездегі Премьер-министрі Ариэль Шаронның жоспарына сәйкес, Газадағы барлық еврей қоныстары басқа жаққа көшірілген еді.
Галанттың «Төрт бұрыш жоспары» барынша байыпты және жүзеге асыруға мүмкін болып көрінеді. Алайда Палестина тарапы оны қабылдамауы мүмкін.
Бұған дейін Палестина автономиясының жетекшісі Махмуд Аббас Палестина территориялары Палестина билігінің, оның ішінде қауіпсіздік саласының толық бақылауында болуы керек деп бірнеше рет айтқан.