Израильдік ерлі-зайыпты үйін басып алған ХАМАС содырларының тұтқыны болған
Израильдік Рахель мен оның күйеуі Давид 15 сағат бойы ХАМАС-тың қарулы содырларының тұтқыны болған. Әйел жауынгерлерді әңгімеге тартып, оларға кофе құйып, печенье ұсынған. Сондай-ақ ол содырлардың бірінің жарасын таңып берген. Ал радикалдар оған израильдік әнші Лиор Наркистің әндерін орындаған. Ерлі-зайыптыларды полиция құтқарған. Қауіпсіздік күштерінің арасында ерлі-зайыптылардың ұлы да болған. Ол шабуыл алдында үйге кірудің жоспарын жасаған. Толығырақ Sarbaz.kz материалында.
Израиль тұрғыны Офаким Рахель Адари 15 сағат бойы өзін және күйеуі Давидті кепілге алған ХАМАС содырларының көңілін аулаған. Палестина радикалды ұйымының бес қарулы жауынгері 7 қазан, сенбі күні ерлі-зайыптылардың үйіне басып кірген. Бұл туралы ерлі-зайыптылар Израильдің 12 арнасына берген сұхбатында айтты.
Jewish News Syndicate хабарлауынша, отбасы жарылыстан қашып, үйге оралғанда жатын бөлмесінің терезесі ашық тұрғанын байқаған. Содан кейін ерлі-зайыптыларды содырлар қоршап алған. Олар Рахельдің басына граната қойып, Калашников автоматын күйеуіне бағыттап, қорқыта бастаған. Рахель сол сәтте бірінші кезекте полицияда қызмет ететін екі ұлы туралы ойлағанын айтады.
«Жаратқан иемізге шүкір, балаларым үйде болмады. Әйтпесе оларды алдымен өлтіретін еді деп қорықтым», - деді ол.
12 арнаға берген сұхбатында Рахель радикалдардың қатты ашулы болғанын тілге тиек етті. Жұбайына: «егер өлсек, бірге өлеміз», - деп айтқанын есіне алды.
«Мен олардан «қарындарың аш па?» деп сұрадым. Сосын оларға кофе құйып, печенье ұсындым. Олар маған (израильдік әнші) Лиор Наркистің әндерін айта бастады. Мен олардың назарын аудардым», - деп бөлісті ол.
Сондай-ақ Рахель басқыншылармен сөйлесуге тырысып, олардың қайдан келгенін сұрап, күйеуі екеуін бірге өлтіруін өтінген.
«Мен оларға: «бұлай жасамаңыз. Біз бауырлармыз», - дедім. ХАМАС жауынгері: «жоқ, мен шахидпін (сенім үшін қаза тапқан жанкешті мұсылман)», - деп Давидтің басына мылтық төседі», - деді ол.
Біраз уақыттан кейін полиция ХАМАС содырларымен келіссөздер жүргізе бастаған. Қауіпсіздік тобының құрамында Рахель мен Давидтің ұлдарының бірі болған. Әйелдің айтуынша, ол Израильдің шекара полициясының арнайы бөлімшесі ЯМАМ-ға көмектескен. Әйел өзінің үйінде қанша жауынгер бар екенін қауіпсіздік қызметкерлеріне қимылмен жеткізе алған. Бес саусағын көрсеткен ол басқыншыларға басы ауырып тұрғанын меңзеген.
Оқиға орнында жұмыс істеген Израиль полициясы бастығының орынбасары Аркадий Шустер 12 арнаға үйді басып алған ХАМАС сарбаздары полицейлерден алдыңғы қақтығыста жарақат алған жауынгерге су, тамақ және медициналық құрал-жабдықтар талап еткенін айтты.
«Олар ұялы телефонды бергенімізді қалады. Бірақ біз келіспедік. Олар ала алмаған басқа да заттар болды», - деді Шустер.
Бір кезде үйдің жанында атыс басталып, көшеге шыққан ХАМАС жауынгерлерінің бірі көз жұмған. Қалғандары үйдің ішінде отырған.
Түстен кейін Рахель террористердің бірінің жараланған қолын байлап, оған су мен консервіленген ананас берген.
Рахель содан кейін үміті үзіле бастағанын, өзін тыныштандыру үшін дұға жасағанын айтады.
Түнгі сағат 02.30 шамасында полиция үйге шатыр арқылы кірген. Бөлмелердің егжей-тегжейлі схемасын кепілге алынғандардың ұлы жасаған. Алайда ол ішке жіберілмеген.
Давидтің айтуынша, олардың қасына граната құлаған кезде ол әйелін жауып қалған.
«Граната біздің үстімізден ұшып өтті. Қалай аман қалғанымызды білмеймін», - деді ол.
Осылайша, үйге басып кірген төрт басқыншы құрықталып, кепілге алынған адамдар құтқарылған.