Бұл әскерлер тосқауылға төтеп беріп, бастарын қатерге тігеді. Қауіпті де сейілтетін – осы әскер. Олар мүлтіксіз қызмет етеді. Жүктелетін міндеттер де жеңіл емес. Жүрген жолдары да тарихтың еншісіне жазылып жатыр.
Қалыптасу кезеңі
Төл әскеріміз енді құрылған шақта еліміздің аумағында әртүрлі инженерлік әскери бөлімдер бар еді. Міне, Қазақстан аумағында орналасқан осы инженерлік бөлімдер ҚР Қарулы Күштері инженерлік әскерлерінің қалыптасуына түрткі болды. Сол кезде, 1993 жылы еліміздің аумағында инженерлік әскердің 12 жеке бөлімі болды. Олар КСРО Қорғаныс министрлігіне, Түркістан әскери округі штабына және 40-армия штабына бағынды. Сол кезде инженерлік әскерлердің оңтайлы құрамын анықтап, қайта құру қажет болды. Ол құрылымдық өзгертулер тәуелсіздік алған алғаш жылдармен тұспа-тұс келді. Осылайша, ҚР Қорғаныс министрлігінің ұйымдастырушылық штатының құрылымын құрған кезде Алматыдағы 40-армияның инженерлік бөлімі базасында 1992 жылдың қарашасында ҚР ҚМ Инженерлік басқармасы құрылды. Еліміздің аумағында орналасқан штабтарда инженерлік әскердің білікті мамандары бар болатын. Сол кезде инженерлік штаб бастығы – Солтүстік-Кавказ округінен келген подполковник Ж.Нұрахметов, жедел-тыңшылық бөлімін полковник А.Рязанцев басқарды. Сондай-ақ, Түркістан әскери округі штабынан полковник В.Теребов (қару-жарақтар бөлімінің бастығы), Сирия Республикасынан полковник А.Чивилев және тағы басқа мамандар келді.
Сондай-ақ, кейін басқарманың бастығы тізгініне ие болған полковник Ж.Нұрахметов, генерал-майор М.Даиров, полковник А.Щербаковтар инженерлік әскер қызметінің дамуына едеуір үлестерін қосты.
Айқын міндеттелді
Жалпы, инженерлік әскерлер еліміздің Қарулы Күштерінде ерекше орын алады. Олар әскердің барлық түрлеріндегі соғыс қимылдары кезіндегі міндеттерді (бөгеттер жасау, қорғаныс шебін құру, өтпелер жасау және оларды жөндем қалпында ұстау, жолдар, көпірлер салу, т.б.) орындайтын арнаулы әскер саласының мамандары. Олар өздерінің міндеттеріне қарай жалпы (саперлер) және арнаулы (понтонды көпір салушылар, инженерлік құрылыс, бүркемелеу және т.б. жұмыстарын жүргізетін бөлімдер мен бөлімшелер) болып бөлінеді. Берілген міндеттерді мотоатқыштар, зымыран әскерлері, артиллерия, танк және тағы басқа әскер түрлерімен өзара қоян-қолтық араласып орындайды.
Айта кетейік, ұрыс кезінде олар инженерлік барлау жүргізеді. Басқару пункттерін жабдықтайды, миналандырылған жерден өтуге жол салады және минасыздандырады, өткелдерді ретке келтіреді, қарсыластың ядролық шабуылының зардаптарын жоюға қатысады және т.б. міндеттерді орындайды.
Арнайы маманданды
Бүгінде олар – ҚР Құрлық әскер құрамындағы арнайы әскерлер. Әскери істер ғылыми-техникалық прогреске байланысты қазіргі жағдайда арнайы әскерлердің маңызы өлшеусіз өсті. Құрлық әскерлерінің арнайы бөлімшелері мен бөлімдері терең және жан-жақты білімді әскерлері машық-дағдыны, тәртіптілікті, шыдамдылықты, білек күшін талап ететін қазіргі заманғы техникалармен жабдықталған. Олар қазір құрлық әскерлерінің ұрыс әрекетін және тіршілік әрекетін толығымен қамтамасыз етуде машықтанған мамандар.
Бірде бір әскери мәселе инженерлік қамтамасыз етусіз шешілмейді. Олар шабуылда әскерлердің жылжуын қамтамасыз етеді, жолдар салады, сулы тосқауылдан өтуді жабдықтайды, қарсыластарының бөгеттеріне өткелдер жасайды, минасыздандырады. Ал, қорғаныс кезінде инженерлік әскерлер қорғаныс шептерін тұрғызып, бөгеттер жасайды.
Бүгінгі таңда аталған әскерлерде 2 000-нан астам адам қызмет етеді. Әскери мамандардың құрамы Құрлық әскерлері Әскери институтының, 10228 әскери бөлімі базасындағы саперлік бригаданың түлектерімен толығып отырады.
Мүлтіксіз орындады
Қазіргі бейбіт кезеңде олар түрлі техника мен жұмыс істеу дағдыларын шыңдап, қару-жарақтың жаңа түрлерін зерделейді, қажет болған жағдайда табылған жауынгерлік снарядтарды жою, миналарды залалсыздандыру жөніндегі жұмыстарды атқарады. Мәселен, инженерлік әскердің жеке құрамы 1994 жылы Алматы облысы, Талғар ауданындағы ауылдарды сел басу кезінде халыққа көмек көрсеткен.1997 жылы Семейде орман өртке оранғанда да олар қапы қалмады. Ал, 1998 жылы Алматы облысы, Кеген ауданында қыстың қыраулы күнінде жол салып, жергілікті тұрғындардың ризашылығына бөленген. Айта кетейік, инженерлік әскерлері жеке құрамының кәсіби даярлығы Тоқырау ауылына іргелес жатқан аумақта өрттің және оқ-дәрілер сақтайтын қойманың жарылу салдарынан болған апатта сынға түсті. Олар аумақты жарылғыш заттардан тазартып, оны залалсыздандырып, көзін жойды. Осы тапсырманы орындағаны үшін инженерлік әскерлері жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталды.
2019-2020 жылдар аралығында инженерлік әскерлердің жеке құрамы Арыс қаласындағы өрт салдарын жою бойынша міндеттерді орындады. Саперлердің жұмысы бірінші кезекте барлық инфрақұрылым объектілерін қалыпты жұмыс істеуіне қайтару, сондай-ақ барынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бейбіт халықтың өміріне қауіп төндірмеу мақсатында қаланы және елді мекендерге жақын орналасқан ұшып кеткен оқ-дәрілерден тазарту болды. Осылайша халықтың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
Ал 2024 жылы олар көктемгі су тасқыны кезінде жергілікті тұрғындар мен шаруашылық жүргізуші ұйымдарға айтарлықтай көмек көрсетті. Понтон-көпір паркінің жиынтығынан Ақтөбе облысындағы Ойыл өзеніне және Солтүстік Қазақстан облысы мен Ақмола облыстарындағы Есіл өзеніне паромдық өткелдер орналастырылды.
Әскери инженерлердің көмегімен су басқан аудандардан үш мыңнан астам адам эвакуацияланды, бір жарым мың бірлік ауылшаруашылық техникасы жеткізілді және 400 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді. Атырау облысындағы елді мекендерден тасқын суды бұру мақсатында жарылыс жұмыстары жүргізілді. Шығыс Қазақстан облысында елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз ету үшін ауыр механикаландырылған көпірді қолдана отырып, елді мекендер арасындағы жолдың қираған учаскесінде көлік қатынасы қалпына келтірілді. Сонымен қатар, Ақмола облысының зардап шеккен елді мекендерін электротехникалық қамтамасыз ету ұйымдастырылды.
Былтыр бұл мамандар еліміздің оңтүстік өңіріне көмекке келді. 2025 жылы Түркістан облысы Шардара қаласында ҚР ҚК Құрлық әскерлері инженерлік-саперлік бригадасының әскери қызметшілері халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге көмек көрсетуге кірісті. Шардара су қоймасындағы су деңгейінің күрт төмендеуіне байланысты өңірде өте маңызды болып саналатын сумен жабдықтау жағдайына ден қою шаралары қабылданып жатыр. 31 800 адамнан асатын қала халқы ауыз суды бірнеше жерден алады, соның ішінде су қоймасы мен артезиан ұңғымасы да бар.
Алайда биыл су қоймасындағы су көлемі жеткіліксіз болуы су тартуға арналған құрылыстардың жұмысында іркілістерге және тұрғындардың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете алмауға әкелді. Әскери қызметшілер халықты сумен қамтамасыз етуге қабілетті уақытша су алу көздерін жасады.
Понтонды монтаждау Шардараның негізгі су торабында жүзеге асырылды.
Платформада 500 м³/сағ су тартатын құрылғы орнатылған, бұл су жеткізуді тұрақтандыруға және қаладағы ауыз судың жетіспеушілігін уақытша шешуге мүмкіндік береді.
Бітімгерлікке барды
Сондай-ақ, бітімгершілік шеңберінде 2003-2008 жылдары Ирак Республикасының коалициялық күштер құрамына «Казбат» бітімгершілік батальоны инженерлік-саперлік тобының қызметкерлері жіберілді.
Бұл батальонның Ирактағы бітімгерлік миссияға қатысуы тарихи оқиға болатын. Олар тұрақтандыру күштерінің құрамында жарылмаған оқ-дәрілерді іздеп-тауып, оларды жою, ауыз сумен қамтамасыз ету пунктерін жабдықтау және басқа да тапсырмаларды орындады. Іс-шараларға барлығы 10 инженерлік-саперлік жасақ жұмылдырылды.
2003 жылдың тамызынан 2008 жылдың қазанына дейін олар 4,5 миллионнан астам жарылғыш заттарды жойды, 19 км-ге жуық жарылғыш емес тосқауылдар мен 617 сигналдық миналар орнатты, шамамен 7000 текше метр су тазартылды.
«Қазбат» бітімгерлері «Дельта» базасы периметрінің 9 646 метрін жарылыс қаупі бар заттардан тазартты. Оның айналасына 4,5 км жарылысқа қарсы тұрарлық тосқауыл қойды.
Сонымен қатар, олар әртүрлі күштік құрылымдарға жарылғыш заттарды жоятын 570-тен астам маман және Ирактың қауіпсіздік күштері үшін 12 әскери сүзгі станциясының есептоптарын дайындады.
Жалпы Ирак Республикасында коалициялық күштер құрамында ҚР Қарулы күштерінің 290 әскери қызметшісі болды.
Ирактағы бітімгерлік миссия қазақстандық жауынгерлер үшін халықаралық деңгейдегі алғашқы емтихан болды. Олардың бейбітшілік пен қауіпсіздік ісіне қосқан үлесін шетелдік сарапшылар да жоғары бағалады.
Алға қойылған міндеттерді ойдағыдай орындағаны үшін жасақтың жеке құрамы жоғары үкіметтік наградалармен марапатталды.
P.S. Бүгінгі күні инженерлік әскерлердің жарағында тұрған жеке құрам мен техника қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ Қазақстан Қарулы Күштерінің дамуы мен өркендеуі үшін қойылған міндеттерді орындауға дайын екеніне күмәніміз жоқ. Олай болса, еңбектеріңіз адал, абыройларыңыз биік бола берсін дейміз.
Рима ӘБЕУОВА